Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерді сабақтан кейін ата-аналардың WhatsApp чаттарында қажетсіз сұрақтармен мазаламауға қатысты ұсынысын түсіндірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Министрдің айтуынша, педагогтар сабақ аяқталғаннан кейін де келесі күнге дайындалып, басқа да жұмыс атқарады. Сондықтан шұғыл жағдай болмаса, ата-аналар мұғалімдерге кешкі уақытта қажетсіз сұрақтармен хабарласпағаны жөн.
Менің үндеуім – ұстаздарымыздың жеке өмірі бар екенін, олардың күнделікті уақыты бар екенін ескеруге шақыру. Одан бөлек, ұстаздар келесі күнге дайындалып келуі қажет, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
18:00-ден кейін жазуға тыйым салына ма?
Министр ата-аналарға мұғалімдерге 18:00-ден кейін хабарласпау ұсынысы айтылғанын атап өтті. Алайда бұл барлық мектепке ортақ қатаң шектеу емес. Себебі кей мектептерде екінші ауысым кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Сондықтан ата-аналар мен педагогтер арасындағы байланыс уақыты білім беру ұйымының жұмыс тәртібіне қарай белгіленуі мүмкін.
Жұлдыз Сүлейменова кешкі уақытта мұғалімге хабарласқан ата-аналарға айыппұл салу жоспарланбағанын айтты.
Ондай ата-аналарға айыппұл қарастырылмаған. Ондай ойымызда жоқ. Бұл жерде қоғамдық әдеттің, этиканың жаңа нормасын қалыптастыру туралы ұсынысым болды, – деді министр.
Шұғыл жағдайда мұғалім ата-анамен байланысады
Министрдің айтуынша, шұғыл жағдай туындаған кезде педагог ата-анамен байланысып, мәселені шешуге көмектеседі. Ал күнделікті сипаттағы сұрақтарды мұғалімнің жұмыс уақытында қойған дұрыс.
Осылайша, министрдің ұсынысы ата-аналарға кешкі уақытта педагогтерге хабарласуға заң жүзінде тыйым салуды емес, мұғалімнің жұмыс және жеке уақытын құрметтеуге бағытталған.