Қазақстанның 11 өңірінде 13 жаңа заманауи колледж салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Колледждерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге жергілікті атқарушы органдар, жұмыс берушілер мен жер қойнауын пайдаланушылар тартылған.
143 колледжді шұғыл жаңарту қажет
Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілер есебінен 174 колледж жабдықталған. Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылардың қолдауымен тағы 13 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылған.
Десе де еліміз бойынша 143 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын шұғыл жаңарту талап етіледі, – деді министр үкімет отырысында.
11 өңірде жаңа колледждер пайда болады
Техникалық және кәсіптік білім беру саласын одан әрі жаңғырту үшін еліміздің 11 өңірінде 13 жаңа заманауи колледж салу көзделген.
Министрлік мәліметінше, жаңа білім беру нысандары өңірлердегі орын тапшылығын азайтуға және жастардың заманауи жабдықталған ортада сапалы кәсіптік білім алуына мүмкіндік береді.