«Алматы – Бішкек» автожолының бір бөлігі жөнделіп жатқандықтан, ірі габаритті және ауыр жүк көліктерінің қозғалысы жыл соңына дейін шектеледі. Мұндай шектеу 11 қыркүйектен бастап енеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, республикалық маңызы бар автожолдың 25-шақырымында, Қаскелең қаласы маңында көлік айрығының монолитті аралық құрылысы орнатылады.
Қандай көліктерге шектеу қойылады?
Шектеу биіктігі 4,5 метрден және ені 8 метрден асатын ірі габаритті және ауыр жүк көліктеріне қатысты. Ал жеңіл және жолаушылар көлігіне, сонымен қатар белгіленген габариттен аспайтын жүк көліктеріне шектеу қойылмайды.
Ауыр және ірі габаритті көлік жүргізушілеріне маршрутты алдын ала жоспарлап, балама бағыттарды пайдалануды сұраймыз, – делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.
