Биылғы 25 тамызда Қазақстанмен визасыз режим орнаған елдердің азаматтары елімізге кіруге арналған электрон рұқсатты (QazETA) енгізу туралы шешім күшіне енді. Жүйе 1 қарашаға дейін сынақ режимінде істейді. Енді шетел азаматтарына QazETA алу міндетті, бұл құжатсыз келесі жолы шекарадан өте алмайды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Талап қараша бойы кезең-кезеңімен күшіне енеді
1 қарашадан бастап бұл талап Қазақстанға әуежайдан кіретін шетел азаматтарына қатысты болады. 15 қарашадан бастап ЕАЭО-дан тыс құрлықтағы шекарадан (Қытай, Түрікменстан, Өзбекстан және т.б. елдерден) өткен азаматтар, соның ішінде Kolesa.kz хабарлауынша, өз көлігімен келгендер де осы ережеге бағынады.
Ал 30 қарашадан бастап бұл талап ЕАЭО елдерінен (Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстан) құрлықтағы шекарадан өткен азаматтарға қолданылады. 15 желтоқсаннан бастап теміржол және теңіз жолымен келгендер де QazETA-сыз елге кіре алмайды.
QazETA-ны қайдан және қалай алады?
Электрон рұқсат алу үшін шекараға келерден кемі 72 сағат бұрын Qazeta.kz сайтынан смартфонға арналған қолданбаны жүктеп алып, тіркелу қажет. Ондағы «ЕТА өтініш беру» бөлімін таңдап, әрі қарай нұсқаудыы орындау керек.
Рұқсат қанша тұрады және қанша уақытқа жарамды?
Электрон рұқсат алу әзірше тегін. Пилот кезең аяқталған соң бұл құжатты рәсімдеу ақылы болады. Тариф әлі ресми жарияланған жоқ, бірақ қызмет құны 3900 теңгеден асады деген болжам бар.
Рұқсат алты айға (180 күн) жарамды. Осы кезең ішінде QazETA иесі Қазақстан аумағында 90 күннен артық жүре алмайды.