Қазақстан мен Қытай азаматтарының ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау жөнінде келісім жасалды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Келісімге ІІМ басшысының Бейжіңге жұмыс сапары барысында қол жеткізілген. Құжат күшіне енгеннен кейін екі елдің азаматтары жүргізуші куәлігін қайта оқудан және біліктілік емтиханын тапсырудан өтпей-ақ айырбастай алады.
Сонымен қатар азаматтар екінші елдің аумағында жеңіл автокөлік жүргізу үшін өздерінің ұлттық жүргізуші куәліктерін пайдалана алады.
«Қорғас» аумағында қауіпсіздік туралы келісімге қол қойылды
Сапар барысында «Қорғас» аумағында қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету туралы келісімге де қол қойылды.
ІІМ мәліметінше, құжат екі елдің құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды.
Келісім құқық бұзушылықтардың алдын алуға, туындайтын қатерлерге жедел ден қоюға және халықаралық орталық аумағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Қытайдың қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға және ортақ мәселелерді шешуге бағытталған.