Қазақстанда 2024 жылғы тамыздан 2026 жылғы маусымға дейін 82,1 мың сарбаздың 23,5 млрд теңге көлеміндегі несиесі уақытша тоқтатылған. Ал 2026 жылдың бірінші жартысында 30 мың сарбаздың 7,5 млрд теңге қарызы бойынша төлем тоқтатылған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржы сауатын арттыруға бағытталған «Финграмота» жобасының мәліметінше, 2024 жылғы тамыздан 2026 жылғы 1 маусымға дейін әскери қызметшілердің 23,5 млрд теңге несиесі уақытша тоқтатылған. 2026 жылдың алғашқы алты айында бұл жеңілдік 30 мың сарбазға қатысты қолданылған.
Әскерде жүргендерге несие берілмейді
2025 жылғы 31 тамыздан бастап күшіне енген ереже бойынша, мерзімді әскери қызметте жүрген азаматтарға банктер мен микроқаржы ұйымдары жаңа несие бере алмайды.
Қандай да бір азамат несиеге өтініш берсе, банк пен микроқаржы ұйымы несие бюросы арқылы оның мәліметін тексеруі керек. Жігіттің әскерде жүргені туралы ақпарат шықса, онда оған несие беруге болмайды, – делінген хабарламада.
Әскерден кейін де 60 күн төлем жасалмайды
Әскери қызметін аяқтаған азаматтардың несие төлемі тағы 60 күнге кейінге шегеріледі.
Мамандар сарбаздарға бұл мерзімнің аяқталуын күтпей, несие бойынша төлемнің жаңа күнін алдын ала анықтап, қарызды өтеуді бастауды ұсынады.