Алматының Наурызбай ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында аулаларды абаттандыруға және қоғамдық кеңістіктерді дамытуға бағытталған 35 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, жобалардың бір бөлігі аяқталған, қалған нысандарда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
Тұрғындар үшін жаңа алаңдар пайда болды
Тараз көшесіндегі автотұрақ аумағын абаттандыру жұмыстары аяқталған. Сәуір-маусым айларында жүргізілген жұмыстар барысында 2 мың шаршы метр аумаққа жаңа асфальтбетон төселіп, 300 шаршы метр тротуар салынды. Сонымен қатар ұзындығы 558 метр арық желісі жүргізілді.
Айтматов көшесіндегі балалар ойын алаңы да жаңартылды. Мамыр-маусым айларында ескі ойын жабдықтары мен металл қоршаулар алынып, шамамен 385 шаршы метр асфальтбетон төселді. Алаңға заманауи ойын жабдықтары орнатылып, 1,5 сантиметрлік тартан жабыны төселді. Нысан қоршаумен және жиектастармен жабдықталды. Дәулеткерей көшесінде балалар ойын алаңы жаңартылып, спорт жабдықтары мен шағын сәулет нысандары орнатылды. Мұнда жаңа асфальтбетон жабыны төселіп, сыртқы жарықтандыру жүйесі жасалды. Ал Нұрлы таң көшесінде жаңа балалар алаңы салынды. Мұнда ойын жабдықтары, шағын сәулет нысандары, тартан жабыны, қоршау және сыртқы жарықтандыру орнатылды, — делінген хабарламада.
Аулалар отбасылық демалыс орнына айналып жатыр
Әкімдік мәліметінше, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде балалардың ойынына, спортпен айналысуына және тұрғындардың демалуына арналған қауіпсіз әрі жайлы кеңістіктер қалыптасып келеді.
Тұрғындар да жаңартылған алаңдардың балалар мен ата-аналар үшін қолайлы болғанын атап өтті.
Осы алаңды салуға атсалысқан барша азаматқа алғысымыз шексіз. Атқарылған жұмыс үшін әкімдікке үлкен рақмет. Балаларымыз үшін бұл ойын ойнап, демалатын тамаша орын болды. Мұнда бәрі ыңғайлы әрі жан-жақты ойластырылған, қоршауы да бар, сондықтан балалардың қауіпсіздігіне алаңдамаймыз, – деді аудан тұрғыны.
Наурызбай ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясындағы қалған жобалар бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.