Қостанайда ондаған отбасын баспанасыз қалдырған құрылыс компаниясының басшысы сотталды. Ол азаматтардан пәтер сатып алуға ақша тартуға рұқсаты болмаса да, екі жарым жыл бойы тұрғындармен шарт жасасып келген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, компания директоры құрылысты аяқтау мүмкін емес екенін біле тұра, азаматтардан ақша алуды жалғастырған.
123 млн теңгеден астам қаражат тартқан
Тергеу мәліметінше, 2022 жылғы сәуірден 2024 жылғы қарашаға дейін компания басшысы азаматтардан 123 млн теңгеден астам қаражат тартқан. Ақша оның жеке қалауы бойынша жұмсалған.
Құрылысты аяқтау мүмкін еместігін біліп тұрса да, азаматтардан ақша алуды жалғастырды. Салдарынан ондаған отбасы уәде етілген баспанасыз және инвестициясыз қалды, – деп хабарлады прокуратура.
Сот талқылауы барысында барлық жәбірленушілерге келтірілген шығын толық өтелген.
Құрылыс саласында бес жыл басшылық қызмет атқара алмайды
Сот үкімімен құрылыс компаниясының басшысына пробациялық бақылау белгіленіп, шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар оған бес жыл бойы құрылыс ұйымдарында басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.