Ақмола облысы Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылысқа кінәлі үш адам сотталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қылмыстық іс Бурабай аудандық сотында қаралды. Дәмхана басшысы қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі бойынша, ал газ баллон жеткізуші мен газ толтыру бекетінің директоры 306-бабы 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылған.
Жарылысқа не себеп болған?
Сот мәліметінше, дәмхана басшысы қауіпсіздік талаптарын бұзуға жол берген. Атап айтқанда, қоғамдық тамақтандыру нысанында газ баллондарын пайдаланған және оларды жылу радиаторларына жақын жерде сақтаған.
Сонымен қатар газ жабдығын пайдалануға жауапты қызметкерлердің тиісті нұсқамадан өткені расталмаған. Ал газ баллон жеткізушінің мұндай қызметпен айналысуға рұқсаты болмаған. Сот мәліметінше, ол 25 ақпанда дәмханаға екі газ баллонын жеткізген. Кейін олардың бірі жарылған.
Жарылған баллон рұқсат етілген мөлшерден артық толтырылған. Ол дәмханадағы радиатордың жанында сақталғандықтан, газ қызып, жарылыс болған.
Газ толтыру бекетінің директоры да тиісті құжаттары, жабдықтары, баллондарды толтыруды бақылауға арналған өлшеу құралдары мен оқытылған персоналы болмағанына қарамастан, тұрмыстық газ баллондарын жүйелі түрде толтырып келген.
Сотталушылар қандай жаза алды?
Сотта барлық сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді.
Сот үкімімен дәмхананы жалға алушы жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған үш жыл бойы қоғамдық тамақтандыру саласында қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Газ толтыру бекетінің директоры жеті жылға, ал газ баллон жеткізуші алты жылға бас бостандығынан айырылды.
Еске салайық, биыл ақпанда Щучинск қаласындағы дәмханада газ баллоны жарылып, 12 адам қаза болып, 11 адам жарақат алған. Қаза болғандардың арасында анасы мен қызы да бар.