Биыл тамызда Қазақстан азаматтары тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) 27,5 млрд теңге алды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шілдеде бұл көрсеткіш 27,1 млрд теңге болған. Тамыздағы төлем көлемі 2024 жылғы маусымнан бері тіркелген ең төмен көрсеткіштердің бірі.
Data Hub зерттеуі бойынша, сарапшылар қазіргі көрсеткіштерді бұған дейінгі кезеңдермен тікелей салыстыруға болмайтынын атап өтеді. Себебі биыл маусымнан бастап зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға мүмкіндік беретін ең төменгі шек қайта есептеле бастады.
Зейнетақы жинағын ала алатындар саны азайды
Әдістеменің өзгеруінен кейін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға мүмкіндігі бар салымшылардың саны айтарлықтай қысқарған. Сонымен қатар бұл мүмкіндігін сақтап қалған азаматтардың орташа алатын қаражаты көбейген.
БЖЗҚ мәліметінше, өзгерістерге қарамастан, зейнетақы жинағын тұрғын үй мәселесін шешуге ай сайын мыңдаған қазақстандық пайдаланып отыр. Шілде мен тамызда мұндай азаматтардың саны шамамен 8,8 мың адамға өскен.
Тамызда БЖЗҚ-ға 4,9 млрд теңге қайтарылды
Data Hub зерттеуінде бұрынғы және қазіргі көрсеткіштерді салыстырудың тағы бір қиындығы түсіндірілген. Бұған дейін БЖЗҚ орындалған өтініштердің санын есептесе, қазір нақты алушылар саны есепке алынады.
2025 жылы ай сайын орта есеппен 100 мыңнан астам өтініш орындалған. Ал 2026 жылғы қаңтар-мамыр аралығында бұл көрсеткіш шамамен 58 мың болған.
Қазақстан азаматтары зейнетақы жинағын негізінен тұрғын үй сатып алуға жұмсайды. Шілде мен тамызда үй сатып алу бойынша түпкілікті есеп айырысуға төлемдердің жалпы сомасының 58%-ы бағытталған.
Сонымен қатар қаражаттың бір бөлігі БЖЗҚ-ға қайта қайтарылады. Тамызда қазақстандықтар қорға шамамен 4,9 млрд теңге қайтарған. Шілдеде қайтарылған сома шамамен 10 млрд теңге болған.
Ақшаны пайдаланудан бас тартқан, қажетті құжаттарды жинай алмаған немесе қаражаттың белгіленген мақсатқа жұмсалғанын растай алмаған азаматтар оны қорға қайтарады.