Басты бет / Жаңалықтар /
Қоқиқаз фламинго
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қорғалжын қорығына қоқиқаздар үшін 40 млн текше метр су жіберілді

Қоқиқаздардың мекен ету ортасын сақтау үшін Қорғалжын қорығына 40 млн текше метр су жіберілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі Қорғалжын қорығының аумағында орналасқан. Аталған су айдыны қоқиқаздар мен басқа да құстардың негізгі мекен ету ортасының бірі саналады.

Табиғатты қорғау үшін су жіберіледі

Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын Қазақстанның барлық өңірінде табиғатты қорғау мақсатында су жіберу жұмыстарын жүргізеді.

Су нысандарын сақтау және жергілікті экожүйелерді қолдау үшін су айдындарына миллиардтаған текше метр су бағытталады.

Министрліктің мәліметінше, су жіберу кезінде «Қазсушар» РМК мамандары гидротораптар мен су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырады. Мамандар судың өтуін тұрақты бақылап, мониторинг жүргізеді.

Су кодексіне «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді

Айта кетейік, су нысандарының сарқылуына жол бермеу мақсатында былтыр қабылданған жаңа Су кодексіне алғаш рет «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді. Бұл – өзендер, көлдер мен теңіздердің экожүйесін сақтау үшін қажет судың ең төменгі рұқсат етілген деңгейі.

Құжатта шағын өзендер мен көлдерді қорғауға қойылатын талаптар кеңейтілді. Сонымен қатар сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтарды қорғаудың ерекше режимі қарастырылған.

Мақала туралы ойыңыз?