Басты бет / Жаңалықтар /
Дастан Сәтбай
Фото: Instagram @BurnleyOfficial

Дастан Сәтбай жарақатына байланысты бірнеше апта ойынға қатыспайтын болды

Қазақстан ұлттық құрамасы мен Англияның «Бернли» клубының шабуылшысы Дастан Сәтбай жарақатына байланысты бірнеше апта алаңға шыға алмайды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

18 жастағы футболшы 2 қыркүйекте «Мидлсброға» қарсы матчта жарақат алған. Кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Ойын барысында Сәтбай ауыстырылғаннан кейін ақсаңдап, санының артқы жағын ұстап жүрген.

Қазақстандық шабуылшы «Бернлидің» «Бристоль Ситиге» қарсы келесі кездесуіне (1:2) қатысатындар тізіміне енбеді.

«Ол бірнеше апта ойнай алмайды»

Матчтан кейін «Бернли» бас бапкері Ники Хайен қазақстандық футболшының жағдайына қатысты пікір білдірді.

Өкінішке қарай, ол бірнеше апта ойнай алмайды. Осыған дейін айтқанымдай, оның маусым алдындағы дайындығы толыққанды болған жоқ. Біз ойыншыларға қажетті жүктемені беріп, сонымен бірге оларды шамадан тыс жүктемеден қорғауға тырысамыз. Мұнда дұрыс тепе-теңдікті табу қажет, – деді Хайен.

Дастан Сәтбай жарақатына байланысты 26 қыркүйек пен 6 қазан аралығында өтетін Ұлттар лигасындағы Қазақстан құрамасының алғашқы төрт матчын өткізіп алуы мүмкін.

Дастан Сәтбай «Челсиге» ауысқан еді

Дастан Сәтбай биыл жазда 18 жасқа толғаннан кейін Англияның «Челси» клубына ресми түрде ауысқан.

Маусымалды дайындықтан соң қазақстандық шабуылшы «Бернлиге» жалға берілген болатын.

Мақала туралы ойыңыз?