Басты бет / Жаңалықтар /
тоғызқұмалақ
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Көшпенділер ойындарындағы медаль дауы: Қазақстанның тоғызқұмалақтағы нәтижесі жарияланды

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы алтын медальдар санына қатысты дау туындағаннан кейін Қырғызстанның дене шынықтыру және спорт мемлекеттік агенттігі жаңа мәлімдеме жасады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Бұған дейін Қазақстан туризм және спорт министрлігі ұлттық құрама қоржынында 32 алтын медаль барын және Қазақстанның командалық есепте көш бастап тұрғанын хабарлаған. Алайда ойындарды ұйымдастырушы Қырғызстан 30 алтын медальмен өзін жеңімпаз ретінде жариялаған.

Әлеуметтік желі қолданушылары ұйымдастырушылар Қазақстанның тоғызқұмалақтан алған жеңістерін жалпы есепке қоспағанын жазған.

Тоғызқұмалақтан Қазақстан көш бастады

Қырғызстанның спорт агенттігі жариялаған мәлімет бойынша, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақтың бірнеше санатында қазақстандық спортшылар жеңіске жеткен.

Әйелдер арасындағы жеке есепте:

  • 1-орын – Мөлдір Серікқызы (Қазақстан);
  • 2-орын – Аружан Салман (Қазақстан);
  • 3-орын – Гүлжамал Сарыкеева (Қырғызстан);
  • 3-орын – Намуджизи Лилиан (Уганда).

Ерлер арасындағы жеке есепте:

  • 1-орын – Ерасыл Дуталипов (Қазақстан);
  • 2-орын – Айдин Зиякиев (Қазақстан);
  • 3-орын – Бимбет Сейдахматов (Қырғызстан);
  • 3-орын – Темирлан Нурбеков (Қырғызстан).

Қазақстандықтар тоғызқұмалақтан командалық есепте де бірінші орын алған. Әйелдер арасында Қазақстаннан кейін Қырғызстан мен Моңғолия, ерлер арасында Қырғызстан, Уганда және Испания орналасқан.

тоғызқұмалақ
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Ұйымдастырушылар медальдар үшін жарыс болмағанын айтты

Осы нәтижелерге қарамастан, Қырғызстанның спорт агенттігі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында елдер арасында ресми медальдар есебі жүргізілмейтінін мәлімдеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ойындардың негізгі мақсаты – мемлекеттер арасындағы бәсекелестікті емес, халықтар арасындағы достықты нығайту, этноспорт пен мәдени мұраны насихаттау.

Сондықтан жарыс қорытындысы бойынша ресми жалпы командалық рейтиң жарияланбайды.

Мақала туралы ойыңыз?