VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы медальдар есебіне қатысты дау туындады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Осыған байланысты Қырғыз Республикасының дене шынықтыру және спорт мемлекеттік агенттігі ресми мәлімдеме жасап, жарыста елдер арасында ресми медальдар есебі жүргізілмейтінін хабарлады.
Бұған дейін ойындардың қорытындысында қай елдің бірінші орын алғаны белгісіз болып, әлеуметтік желіде пікірталас пайда болған еді.
Қазақстан туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, ұлттық құрама 32 алтын медальмен бірінші орын алған. Алайда Көшпенділер ойындарының ресми парақшаларында Қазақстан 29 алтынмен екінші орында тұрғаны туралы ақпарат жарияланып, кейін бұл жазба өшірілген.
Неліктен жалпы рейтиң жүргізілмейді?
Ұйымдастырушы тараптың мәліметінше, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының негізгі мақсаты мемлекеттер арасындағы бәсекелестікті көрсету емес.
Жарыстың тұжырымдамасы халықтарды біріктіруге, достықты нығайтуға, сонымен қатар этноспорт пен мәдени мұраны насихаттауға бағытталған.
Осыған байланысты ойындарда ресми медальдар кестесі мен жалпы командалық рейтиң жүргізілмейді.
Тоқаев ұлттық құраманы құттықтаған
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өнер көрсеткен Қазақстан ұлттық құрамасын құттықтаған болатын.
Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 6 қыркүйекте аяқталды.