Басты бет / Жаңалықтар /
a9ff8f7e8e1d139c0edddd2bed8b6c1b Абай облысында жүрекке шұғыл ота жасайтын жаңа орталық салынып жатыр

Абай облысында жүрекке шұғыл ота жасайтын жаңа орталық салынып жатыр

Абай облысының Үржар ауданында жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастарға шұғыл көмек көрсетуге арналған коронарлық араласу орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа медициналық нысан шалғай елді мекен тұрғындарына мамандандырылған көмекті барынша жақындатуға мүмкіндік береді.

Орталық ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған ұлттық жоба аясында салынып жатыр. Жобаның жалпы құны – 3,1 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарын «AKM Invest Group» ЖШС жүргізуде.

Жоба бойынша жеке жапсарлас ғимаратта 12 төсек-орын қарастырылған. Орталық заманауи медициналық техникамен жабдықталады. Соның ішінде қан тамырларының жағдайын жоғары дәлдікпен тексеруге арналған ангиограф орнатылады. Палаталарда өкпені жасанды желдету аппараттары мен пациенттердің жағдайын үздіксіз бақылауға мүмкіндік беретін жеке мониторлар болады.

4f1b4231584b7180386d3e3faf2e842f Абай облысында жүрекке шұғыл ота жасайтын жаңа орталық салынып жатыр

Мұндай орталықтың Үржарда ашылуының маңызы зор. Қазіргі уақытта шұғыл жүрек операциясын қажет ететін науқастар Аягөз қаласына жеткізіледі. Үржардан Аягөзге дейінгі аралық шамамен 175 шақырым. Ал облыс орталығы Семей қаласына дейінгі қашықтық 500 шақырымнан асады.

2025 жылы Үржар ауданынан Аягөздегі мамандандырылған орталыққа жүрек-қан тамырлары ауруларына байланысты 189 науқас жеткізілген.

Дәрігерлердің айтуынша, миокард инфарктісі кезінде әр минут маңызды. Науқасқа медициналық көмек неғұрлым ерте көрсетілсе, жүрек бұлшықетінің зақымдануын азайтып, адамның өмірін сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

Тері арқылы коронарлық араласу әдісі ашық операциясыз жүрек артериясындағы қан айналымын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Процедура кезінде катетер арқылы тарылған қан тамыры кеңейтіліп, қажет болған жағдайда артерияның қайта бітелуіне жол бермейтін стент орнатылады.

Үржар мен Мақаншы аудандарындағы медициналық қызмет 57 мыңнан астам тұрғынды қамтиды. Сонымен қатар жазғы туристік маусымда Алакөлге миллионнан астам демалушы келеді. Бұл кезеңде өңірдегі медициналық мекемелерге түсетін жүктеме айтарлықтай артады.

Жаңа орталық іске қосылғаннан кейін жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастарды жүздеген шақырым жердегі басқа қалаға жеткізу қажеттілігі азайып, шұғыл әрі мамандандырылған медициналық көмекті ауданның өзінде көрсету мүмкіндігі артады.

Мақала туралы ойыңыз?