Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровты қабылдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ақорданың мәліметінше, кездесуде президент министрліктің негізгі міндеттерін айқындап, экология саласындағы бірқатар жұмысты күшейтуді тапсырды.
Орманды қалпына келтіру және ұлттық парктерді дамыту
Қасым-Жомарт Тоқаев орман қорын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруды және ұлттық парктердің инфрақұрылымын дамытуды тапсырды.
Сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеу арқылы тұйық циклді экономика қалыптастыру мәселесіне назар аударылды.
Үш қалада қалдықтан энергия өндіретін зауыт салынады
Кездесуде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарататын зауыттар салу мәселесі көтерілді.
Ақорданың мәліметінше, мұндай жобаларды алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де жалғастыру перспективасына ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, экологиялық мәдениетті арттыру және «Таза Қазақстан» бастамасын тиімді іске асырудың маңызы атап өтілді.