Бүгін Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевты қабылдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Айта кетейік, Арман Қырықбаев бұл қызметке 3 қыркүйекте тағайындалып, кеше қызметіне кіріскен еді.
Кездесуде президент мәдениет және ақпарат министрлігінің жұмысына қатысты басым бағыттарды айқындап, ведомство алдына бірқатар нақты міндет қойды.
Мәдениет пен креативті индустрияны дамыту тапсырылды
Мемлекет басшысы мәдениет пен креативті индустрияны одан әрі дамытуды тапсырды. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны сақтау және оны кеңінен насихаттау жұмыстарын күшейтудің маңызын атап өтті.
Президент Қазақстан мәдениетін халықаралық аренада дәріптеуге де ерекше мән берді.
Ақпарат саясатына да басымдық берілді
Тоқаев мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелеріне де назар аударды.
Ақорданың мәліметінше, президент отандық ақпарат кеңістігін жандандыру, соның ішінде заманауи цифрлық тәуекелдерді ескере отырып, заң жобалау жұмысын жетілдіру қажет деп санайды.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын дәйекті түрде жалғастыруды және жастардың жасампаз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасауды тапсырды.