Басты бет / Жаңалықтар /
Жүргізуші куәлігі. ХҚО
Фото: Еgov.kz

7,4 мың жүргізуші көлік айдау құқығынан айырылды: Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді

Денсаулық сақтау министрлігі ішкі істер министрлігімен бірлесіп, көлік құралын қауіпсіз басқаруға кедергі келтіруі мүмкін медициналық қарсы көрсетілімдері бар жүргізушілерді анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.  Қазіргі таңда көлік басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар 21 мыңнан астам жүргізуші анықталған. Заңды күшіне енген сот шешімдерінің нәтижесінде 7,4 мың жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Жүргізуші куәлігі бірден тоқтатылмайды

Медициналық қарсы көрсетілімдер анықталған 13 мыңнан астам адамға қатысты аумақтық полиция департаменттері сотқа талап-арыз берген. Заңды күшіне енген сот шешімдерінің нәтижесінде 7,4 мың жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылған.

Министрлік шектеу кез келген диагнозға байланысты енгізілмейтінін атап өтті. Медициналық қарсы көрсетілім адамның денсаулық жағдайы көлік құралын қауіпсіз айдауға әсер етуі мүмкін болған жағдайда ғана ескеріледі.

Ал көлік жүргізу құқығын тоқтату туралы кейінгі шешімді сот қабылдайды.

Көлік құралын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдердің тізбесі денсаулық сақтау министрлігінің №853 бұйрығымен бекітілген.

Адамның көлікті қауіпсіз басқаруына шектеу қоятын диагноздар мен аурулар медициналық қарсы көрсетілімдер болып саналады. Олардың қатарында эпилепсия, екі көздің көрмеуі, кейбір ауыр психикалық бұзылыстар, психоактив заттарды қолдануға байланысты белгілі бір психика және мінез-құлық бұзылыстары бар.

Кей жағдайда көлік жүргізуге рұқсат етіледі

Министрлік кез келген диагноз көлік басқаруға автоматты түрде тыйым салынатынын жоққа шығарды.

Мысалы, көру, есту немесе тірек-қимыл аппаратына қатысты кейбір бұзылыстар кезінде адам белгілі бір медициналық талаптарды сақтап немесе арнайы құралдарды пайдаланып, көлік жүргізе алады.

Олардың қатарында көзілдірік пен байланыс линзалары, есту аппараты, қолмен басқару құрылғылары және басқа да бейімдеу құралдары бар.

Ақпарат полицияға беріледі

Жүргізушіден медициналық қарсы көрсетілім анықталып, заңнамада көзделген негіздер болса, бұл туралы тиісті ақпарат ішкі істер органдарына беріледі. Одан кейін қажет негіздер болған жағдайда полиция сотқа жүгінеді.

Яғни жүргізуші куәлігінің күші диагнозға қарай автоматты түрде тоқтатылмайды. Түпкілікті шешім заңнамада белгіленген тәртіппен қабылданады.

Министрлік жүргізушілерге қойылатын медициналық талаптардың негізгі мақсаты — жолдағы қауіп-қатерді азайтып, жүргізушілердің, жолаушылардың және жол қозғалысының басқа да қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның жүргізуші куәлігімен шетелде көлік жүргізу мүмкіндігі туралы жазған едік.

Мақала туралы ойыңыз?