Алматыдағы №2 клиникалық балалар ауруханасының дәрігерлері үш магнит жұтып қойған бес жасар балаға күрделі ота жасап, оның өмірін сақтап қалды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бала магниттерді жұтып қойғанына біраз уақыт болған. Дәрігерлер бастапқыда бөгде заттарды ішін тіліп алмай, лапароскопия арқылы алуды жоспарлаған.
Магниттер асқазан мен ішекті зақымдаған
Алайда магниттердің бір-біріне тартылуы баланың ішкі ағзаларына зақым келтірген. Асқазанға түскен бір магнит пен ішекте орналасқан екі магнит бір-біріне тартылып, ағзалардың қабырғаларын тескен. Осыған байланысты дәрігерлер операция барысында лапароскопиялық әдістен бас тартып, баланың ішін тіліп, үш магнитті де алып шыққан.
№2 клиникалық балалар ауруханасы директорының орынбасары, ота жасаған дәрігер Марат Қаптағаевтың айтуынша, баланың өмірін сақтап қалу үшін күрделі операция жасауға тура келген.
Ішек пен асқазанның арасында пайда болған жыланкөзді алып тастадық, үш магнитті де алып шықтық, ішкі органдардың терісін жазып, тігіп бердік. Операция сәтті өтті. Баланың беті бері қарап, үйіне шығар кезде жағдайы жақсы болды. Операция жасалған жері қабынбай, жақсы жазылған, – дейді дәрігер.
Дәрігер ата-аналарға ескерту жасады
Маман балалар үшін тіпті ең кішкентай магниттің өзі қауіпті екенін ескертті. Оның айтуынша, құрамында магниті бар ойыншықтарды балаларға бермеген дұрыс.
Егер бала магнит жұтып қойған болуы мүмкін деген күдік болса, ата-ана уақыт жоғалтпай, бірден медициналық көмекке жүгінуі қажет.