Қазақстанның қорғаныс министрлігі әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке алу қағидаларына өзгерістер енгізді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жаңа талаптарға сәйкес, әскери есепке барлық азамат бірдей алынбайды. Ережеде әскери есепке жатпайтын азамат санаттары нақтыланды.
Қағидаларға сәйкес, төмендегі азаматтар әскери есепке жатпайды:
- әскери мамандығы жоқ әйелдер;
- әскери қызметтен отставкаға шыққан немесе запаста болудың шекті жасына жетуіне байланысты әскери есептен шығарылған Қазақстан азаматтары;
- әскери қызметке жарамсыз деп танылып, әскери есептен шығарылған азаматтар;
- бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүрген Қазақстан азаматтары;
- Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын азаматтар;
- Қазақстанның құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының әскери, арнаулы оқу орындарының қызметкерлері, курсанттары мен тыңдаушылары;
- азамат қорғау органдарының қызметкерлері.
Осылайша, өзгерістер әскери есепке алынатын және одан тыс қалатын азаматтардың санаттарын нақтылайды.
Жаңа бұйрық 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Еске сала кетейік, 2026 жылдың соңына дейін Қазақстанда 18-27 жас аралығындағы 23 мыңға жуық ер азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. Оның ішінде 12 мыңнан астамы Қарулы күштерге, 7 мыңы Ұлттық ұланға, 3 мыңы ҰҚК Шекара қызметіне, 400-ден астамы Төтенше жағдайлар министрлігіне, 300-ге жуығы Мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі.