Қазақстанда балаларға алғашқы медициналық көмек көрсетуде педиатрлардың рөлін сақтауға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді. Енді қажет мамандар болған жағдайда емханалардағы педиатриялық учаскелер жұмысын жалғастыра алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Педиатрларды жалпы практика дәрігерлері толық алмастырмайды
Бұған дейінгі талап бойынша 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін емханалардағы педиатр дәрігерлердің орнын жалпы практика дәрігерлері толық алмастыруы көзделген еді. Жаңа өзгеріспен бұл талап алынып тасталды. Осылайша медициналық ұйымдарға балаларға қызмет көрсететін педиатриялық учаскелерді сақтауға және тиісті мамандар болған жағдайда балаларды педиатрларға бекітуге мүмкіндік берілді.
Бала өз емханасында педиатрдың тұрақты бақылауында болып, дәрігер оның өсуі мен дамуын жүйелі түрде бағалай алады. Денсаулығындағы ауытқулар немесе ауру белгілері ерте анықталған жағдайда бала қосымша тексеруге немесе бейінді маманға жіберіледі.
Педиатриялық учаскелерді сақтау профилактикалық тексерулерді сапалы жүргізуге, ауруларды ерте анықтауға және медициналық көмекті баланың тұрғылықты жеріне барынша жақын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Педиатрлар саны артуы мүмкін
Денсаулық сақтау министрлігі педиатриялық қызметті сақтау үшін мамандар даярлауды да күшейтіп жатыр. Дәрігер-педиатрларды даярлау қолданыстағы оқу бағдарламаларына сәйкес жүргізіледі.
Ведомствоның мәліметінше, бұл болашақта балаларға медициналық көмек көрсететін мамандар санын арттырып, педиатриялық қызметтің кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған. Министрлік енгізілген өзгерістің мақсаты педиатр мен жалпы практика дәрігерінің бірін таңдату емес, балаға қажет медициналық көмекті уақытылы әрі сапалы көрсету екенін атап өтті.
Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында 18 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.