Қарағандыда әйел өзінің суреті Instagram әлжелісінде рұқсатсыз жарияланғанын айтып, сотқа жүгінді. Сот талапты ішінара қанағаттандырып, жауапкерден 100 мың теңге моральдық зиян өтемақысын және сот шығындарын өндірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Суретке қатысты сотқа жүгінген
Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық №2 соты азаматтық істі қараған. Талапкер өз бейнесінің құқығын қорғауды, Instagram-дағы жарияланымды алып тастауды, суретті әрі қарай пайдалануға тыйым салуды және моральдық зиянды өтеуді сұраған.
Сот деректеріне сүйенсек, 2026 жылдың 20 ақпанында талап қоюшы әйел жауапкердің Instagram парақшасынан өз фотосын көріп қалған. Суреттің жанында «әйелдің тегі 500 000 теңге» деген жазу болған.
Талапкер суретті жариялауға келісім бермеген. Осыған байланысты ол жауапкерге сотқа дейінгі талап-арыз жолдап, жарияланымды өшіруді және 250 мың теңге моральдық зиян өтеуді талап еткен.
Жауапкер талапты мойындамаған. Оның айтуынша, талап-арызды алғаннан кейін жарияланым 2026 жылғы 30 наурызда өшірілген.
Сот не деді?
Шешім қабылдау кезінде сот ҚР Азаматтық кодексінің 145-бабына сүйенген. Бұл норма азаматтың өз суретіне деген құқығын бекітеді.
Сот азаматтың суретін оның келісімінсіз пайдалануға тек заңда көзделген жағдайларда ғана жол берілетінін атап өтті. Мысалы, адам көпшілік іс-шараға қатысқан жағдайда немесе оның суреті қызмет әрі қоғам қызметіне байланысты болса, келісім талап етілмеуі мүмкін.
Алайда бұл жағдайда суретті талапкер келісімінсіз жариялаудың заңды негізі бар екенін растайтын дәлелдер табылмаған. Сотта белгілі болғандай, сурет жауапкердің ашық парақшасында көп уақыт бойы жарияланып тұрған.
Азаматтың өз суретіне құқығы – жеке мүліктік емес құқық. Сот бұл ережені бұзғандардан моральдық өтемақы талап етуге болатынын ескертті.
Жауапкер 100 мың теңге төлейді
Сот талапты ішінара қанағаттандырды. Жауапкерге талапкердің бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға тыйым салынды.
Жауапкерден талапкердің пайдасына 100 мың теңге моральдық зиян өтемақысы және сот шығындары өндірілді.
Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы сот шешімімен келісті. Апелляция шағымы қанағаттандырылмай, сот шешімі өзгеріссіз қалды.