Жамбыл аудандық соты мұғалімнің мектеп-лицейдегі қызметіне қайта жұмысқа тұру, жалақысын өндіріп алу және моральдық зиянды өтеу туралы талап арызын қарады. Талап қоюшы 2016 жылдан бері мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Ал 2025 жылдың қаңтарынан бастап директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қызметінен босатылған
Мұғалімнің сотқа жүгінуіне 2026 жылдың сәуірінде жұмыстан шығарылуы себеп болған.
Сот барысында талап қоюшының директордың орынбасары ретіндегі еңбек міндеттерін бұзғаны анықталды. Осыған байланысты оған қатаң сөгіс жарияланған. Кейін тағы да еңбек тәртібін бұзу фактілері анықталған.
Алайда сот мұғалімді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі қызметінен де босатуды заңсыз деп таныды.
Соттың мәліметінше, анықталған заң бұзушылықтар директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіндегі міндеттеріне қатысты болған. Ал оның ағылшын тілі мұғалімі ретіндегі жұмысын тиісінше орындамағанын дәлелдейтін дерек болмаған.
Осыған байланысты сот жұмыстан босату туралы бұйрықты ішінара заңсыз деп танып, талап қоюшыны өз қызметіне қайта орналастыру туралы шешім шығарды.
Мектептен 1,8 млн теңге өндірілді
Сот шешімі бойынша мектептен мұғалімнің пайдасына:
- 1,2 млн теңге — жұмыстан мәжбүрлі түрде шығарылған кезеңге төленетін өтемақы;
- 219 мың теңге — сауықтыруға арналған жәрдемақы;
- 100 мың теңге — моральдық зиян келтіргені үшін;
- 350 мың теңге — өкілдің көмегіне жұмсалған шығын;
- мемлекеттік баж өндірілді.
Осылайша, негізгі өндірілген төлемдердің жалпы сомасы шамамен 1,9 млн теңге.
Сот жеке ұйғарым шығарып, ауданның білім бөліміне мектеп басшылығы мен жауапты қызметкерлердің жасаған заң бұзушылықтары туралы хабарлады.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.