Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан спортшылары үш күннің қорытындысы бойынша 34 медаль иеленді. Оның ішінде 16 алтын, сегіз күміс және 10 қола жүлде бар. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Аударыспақтан үш алтын
Аударыспақтан 100 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы әрі Көшпенділер ойындарының екі дүркін жеңімпазы Сырым Ізбасаров Қырғызстан спортшысын айқын басып озып, үшінші рет чемпион атанды.
90 келі салмақта Дарын Өткелбай барлық қарсыласынан басым түсіп, алтын медальға ие болды.
Ал аса ауыр салмақта сынға түскен Нұржан Еркінұлы жарысты қола жүлдемен аяқтады.
Құсбегілер де жүлдеден құр қалмады
3 қыркүйекте құсбегілік бойынша жарыста бүркіт, қаршыға және ителгі ұшырылды.
Қазақстан құсбегілерінің айтуынша, бұл спорттағы басты қарсылас — Қырғызстан құрамасы. Себебі екі елде де құс баптау дәстүрі жақсы дамыған.
Жарыс нәтижесінде:
- «Қаршыға» санатында Серікболсын Жалғасұлы «Жебе» атты құсымен алтын медаль алды;
- «Бүркіт» санатында Арман Қошқаров «Алғыр» қыранымен күміс жүлдеге ие болды;
- «Ителгі» санатында Бақдәулет Бабажан «Ұшқыр» құсымен күміс медаль алды;
- Ерлан Кенжетаев «Ақбалық» атты құсымен қола жүлде иеленді.
Құсбегілердің айтуынша, бүркіттер әдетте етпен қоректенеді. Алайда жарыс алдында оларды біраз ашықтыру қажет. Жаңбырлы ауа райы құстардың ұшуына айтарлықтай кедергі келтірмеген.
Күрестен төрт медаль
Күрес түрлерінен жарыстың үшінші күнінде Қазақстан спортшылары самбо мен қырғыз күресінен бақ сынады.
Самбодан:
- Болат Сапар (+98 келі) — алтын;
- Еркебұлан Нығметов (79 келі) — қола;
- Жандос Бейсенбаев (64 келі) — қола.
Ал қырғыз күресінен +100 келі салмақта Алмас Жұмағали финалда қырғыз спортшысына жол беріп, күміс медаль жеңіп алды.

Қол күресінен 12 жүлде
Қазақстанның қол күресінен ұлттық құрамасы 7 алтын, төрт күміс және бір қола еншіледі.
Жүлдегерлер қатарында:
- Айдархан Нұрдәулет — 90 келіге дейінгі салмақта оң және сол қол бойынша;
- Медет Құттымұратов — 90 келіден жоғары салмақта оң және сол қол бойынша;
- Данил Устинов — 80 келіге дейінгі салмақта сол қол бойынша;
- Малена Сыдықжан — 65 келіге дейінгі салмақта оң және сол қол бойынша.
Бұл жарыста оң және сол қол үшін жүлделер бөлек есептеледі.
4 қыркүйекте Қазақстан спортшылары 21 спорт түрінен сынға түседі
4 қыркүйекте Қазақстан құрамасының спортшылары 21 спорт түрінен жарыс жолына шығады.
Олар: көкпар, көкбөрі, аламан бәйге, құнан бәйге, жорға, ұшқыр бәйге, дөнен бәйге, қазақ күресі, гюлеш, гуштини милли гамбарджи, хапсағай, овари, мангала, тоғызқұмалақ, ат марафоны, ордо, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, арқан тартыс, стронгмэн және тазы жарысы.
Көкпардан топтық кезең Қырғызстан уақытымен сағат 09:00-де басталады. Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуін Мажарстан спортшыларымен өткізеді.
Ал көкбөріден Қазақстан мен Мажарстан құрамалары сағат 17:10-да алаңға шығады.