Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Үндістанның Бангалор қаласында өтетін Tech Mahindra Global Chess League командалық турнирінде өнер көрсетеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Sports.kz мәліметінше, Қазақстан құрамасының көшбасшысы әлеуметтік желіде өзі өнер көрсететін FYERS American Gambits командасының фотосессиясынан суреттер жариялады. Шахматшылар жарыс кезінде киетін командалық формасын да таныстырды.
Асаубаевамен бірге кімдер ойнайды?
FYERS American Gambits құрамында Бибісара Асаубаевадан бөлек өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров, ресейлік Даниил Дубов, үндістандық Нихал Сарин, ирандық Сара Хадем және француз Марк-Андриа Маурицци бар.
Асаубаева Бангалордағы акклиматизацияның қиын өтіп жатқанын да айтты.
Бүгінгі түсірілім аяқталды. Ертең тағы біреуі бар. Акклиматизацияға келсек, АҚШ-тағыдан да ауыр өтіп жатыр. Түнде дұрыс ұйықтай алмаймын, ал күндіз қатты ұйқым келеді, – деп жазды шахматшы.
Турнирде Карлсен мен Ананд та ойнайды
Tech Mahindra Global Chess League 5-13 қыркүйек аралығында өтеді. FYERS American Gambits командасы бес ұжыммен кездеседі.
Олардың қатарында Магнус Карлсен өнер көрсететін Alpine APL Pipers, Вишванатан Анандтың PBG Alaskan Knights, Ян Непомнящийдің Ganges Grandmasters, Алиреза Фирузджа ойнайтын Triveni Continental Kings және Максим Вашье-Лагравтың Airlearn Mumba Masters командалары бар.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 1 млн АҚШ доллар болады.