Алматы-1 вокзалында үш ер адам жүріп бара жатқан пойызға секіріп мінбек болған. Оларды көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері ұстады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқиға 2 қыркүйекте болған. Алматы – Атырау бағытындағы жолаушылар пойызы қозғала бастаған кезде ер адамдар локомотивтің тұтқасынан ұстап, жүріп келе жатқан пойыздың баспалдағына секіріп мінуге әрекет жасаған.
Бұдан бөлек, олар машинистің кабинасына бөгде заттарды лақтырған.
Машинист шұғыл тежеуді іске қосқан
Адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төнгендіктен, машинист шұғыл тежеу жүйесін іске қосқан. Соның салдарынан пойыз жоспардан тыс екі минутқа тоқтаған.
Теміржол – қауіптілігі жоғары аймақ. Мұндай заңға қайшы әрекеттер заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілікке әкеп соғады, – деп мәлімдеді көліктегі полиция басқармасы.
Ер адамдарға әкімшілік іс қозғалды
Ұсталған үш азамат полиция бөлмесіне жеткізілді. Тексеру барысында олардың Жамбыл және Алматы облыстарының тұрғындары екені, жастары 32-35 аралығында болғаны анықталды.
Ер адамдарға алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келу, сонымен қатар теміржол көлігі нысандарындағы тәртіп ережелерін бұзу фактілері бойынша әкімшілік іс қозғалды.
