Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында сот-медициналық сараптаманың қорытындысы жарияланды. Мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Абуов сарапшылардың марқұмның денесіне жүргізілген зерттеу нәтижелерін оқып берді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұлдана Мырзуан қандай жарақат алған?
Сараптама қорытындысына сәйкес, Ұлдана Мырзуан ашық бас-ми жарақаты салдарынан қайтыс болған. Оның бас сүйегінің сүйектері сынып, миына қан құйылған және миы зақымданған.
Сотта жарияланған қорытындыда мынадай жарақаттар көрсетілген:
- бастың сол жақ төбе тұсында жарақаттанған жаралар;
- екі көз айналасында гематома;
- екі көз ұясының қабырғалары сынған;
- сол жақ жоғарғы жақ қойнауының алдыңғы-медиальды қабырғасы сынған;
- екі жақтағы бет сүйек доғалары ығысумен сынған;
- маңдай, төбе және самай аймақтары арқылы өтетін бас сүйегінің сызықтық сынуы анықталған.
Сарапшылар жедел субдуральды, эпидуральды және субарахноидальды гематомалар болғанын анықтаған. Соның салдарынан ми тінінің қатты ісінуі дамып, өмірлік маңызды қызметтерге жауап беретін ми бағанының құрылымдары үлкен шүйде тесігіне қарай қысылған.
Сараптама қорытындысында бұл жарақаттар денсаулыққа ауыр зиян келтіреді және Ұлдана Мырзуанның өлімімен тікелей байланысты екені көрсетілген.
Фельдшер қалай жарақат алды?
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанада болған. 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан тұрғын үйдің қасбеті құлап, зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсету үшін оқиға орнына барған.
Көмек көрсету кезінде қасбеттің тағы бір бөлігі құлап, Улдана ауыр жарақат алған. Ол ауруханада 10 күн бойы емделіп, 18 қарашада қайтыс болды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі оның қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болғанын хабарлаған.
Ұлдана Мырзуан қаза болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды және оға арнап ескерткіш тақта орнатылды.
Қазір бұл іс бойынша сот процесі Астанада ашық режимде өтіп жатыр. Прокуратураның мәліметінше, іс тұрғын үй қасбетінің опырылып, фельдшердің қаза болуына және басқа адамдардың зардап шегуіне байланысты қозғалған. Сотта барлық мән-жайға құқықтық баға беріледі, ал сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін сотталушы кінәсіз деп есептеледі.
