31 тамыз, дүйсенбі күні Отбасы банкі Қазақстанда «Ұмай» ипотекасы бойынша өтінім қабылдауды бастады. Алайда сағат 16:00-ге қарай бағдарламаға бөлінген лимит толық игеріліп, өтінім қабылдау тоқтатылды. Енді екінші транштың бөлінуі және жаңа өтінімдерді қабылдау күтіліп отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Ұмай» ипотекасының артықшылықтары мен кемшіліктері
Бастапқы жарна
«Ұмай» бағдарламасында бастапқы жарна Алматы мен Астанада тұрғын үй құнының 20 пайызы, ал басқа өңірлерде 15 пайызы болуы керек.
Мысалы, Алматыдан 30 млн теңгеге пәтер алынса, бастапқы жарна 6 млн теңге болады. Қалған 24 млн теңгені банк береді.
Банктің «50/50» ипотекасынан айырмашылығы – тұрғын үй құнының жартысын алдын ала жинап, қажет бағалау көрсеткішіне жетуді күтудің қажеті жоқ.
Дегенмен коммерциялық банктерде де бастапқы жарнасы 20 пайыз болатын бағдарламалар бар.
«Ұмайдың» бір кемшілігі – бастапқы жарнаға зейнетақы жинақтарын пайдалануға болмайды. Зейнетақы қаражаты Отбасы банкіндегі депозитте болса, өтінім бермей тұрып тек өз қаражатын шешіп алуға болады.
Ал «50/50» схемасында зейнетақы жинақтары депозиттің жалпы сомасына есептеліп, 50 пайыз межеге тезірек жетуге көмектеседі. Мұны көп дегенде алты жыл ішінде жасау қажет. Әйтпесе қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтарылады.
Пайыз мөлшерлемесі
«Ұмай» ипотекасындағы мөлшерлеме жылына 14,8 пайыз, ал бір жылғы тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 16,3–16,8 пайыз.
Бұл көрсеткіш бойынша, «Ұмай» «50/50» бағдарламасынан тиімсіздеу. Себебі «50/50» бойынша алдын ала қарыз мөлшерлемесі 8,5 пайыз.
Кейін тұрғын үй қарызына өткеннен кейін екі бағдарламада да мөлшерлеме 3,5–5 пайызға дейін төмендейді.
Бір қарағанда, «Ұмай» орташа мөлшерлемесі шамамен 21 пайыз болатын коммерциялық ипотекадан тиімдірек көрінеді. Бірақ мұнда маңызды ерекшелік бар.
Коммерциялық ипотекада пайыз тек банктен алынған қарыз сомасына есептелсе, «Ұмай» мен «50/50» бағдарламаларында тұрғын үй қарызына (жинақталған депоцитке) ауысқанға дейін сыйақы мөлшерлемесі баспананың толық бағалау құнына есептеледі.
Қандай баспана сатып алуға болады?
«Ұмай» бағдарламасында сатып алынатын тұрғын үйге қойылатын талаптар қатаңырақ.
Екінші нарықтағы баспана 2016 жылдан ерте салынбаған болуы керек.
Жаңа үйлерге де пайдалануға беру бойынша осындай талаптар қойылады. Үй әлі салынып жатса, онда Қазақстанның тұрғын үй компаниясының кепілдігі болуы қажет.
Жаңа үйді тек Baspana Market-тегі нысандардың ішінен сатып алуға болады.
Ал «50/50» және коммерциялық ипотекаларда мұндай қатаң шектеулер жоқ. Бұл бағдарламалар арқылы 1966 жылдан бері салынған үйлерден де пәтер сатып алуға болады.
Ипотеканы кім рәсімдей алады?
«Ұмай» бағдарламасы тек жұмыс істейтін әйелдерге арналған. Басқа ипотекалық бағдарламаларда мұндай шектеу жоқ.
Барлық жағдайда қарыз алушының ресми табысы және соңғы алты айдағы зейнетақы аударымдары болуы қажет.
«Ұмай» бойынша ай сайынғы табыс 1,25 млн теңгеден аспауға тиіс. Тұрмыстағы әйелдерге отбасының жиынтық табысы есепке алынады. Бұл талап кейбір қарыз алушылар үшін шектеу болуы мүмкін.
Ай сайын қанша төлеу керек?
Үш ипотекалық нұсқаны 30 млн теңге тұратын пәтер мысалында салыстырайық. Ипотека мерзімі – 10 жыл.
| «Ұмай» | «50/50» | Коммерциялық ипотека | |
|---|---|---|---|
| Бастапқы жарна | 6 млн тг (20%) | 15 млн тг (50%) | 6 млн тг (20%) |
| Қарыз сомасы | 24 млн тг | 15 млн тг | 24 млн тг |
| Мөлшерлеме | 14,8% | 8,5%, кейін 4%* | 21% |
| Ай сайынғы төлем | 384 мың тг | 242 мың → 216 мың тг* | 480 мың тг |
| 10 жылдағы артық төлем | 22,1 млн тг** | 9,3 млн тг | 33,6 млн тг |
* Есептеу алғашқы үш жылда 8,5%, кейінгі жеті жылда 4% мөлшерлеме негізінде жасалған.
** «Ұмай» бойынша 10 жылға 14,8% мөлшерлемемен есептелген. Іс жүзінде тұрғын үй қарызына ауысқаннан кейін «Ұмай» бойынша мөлшерлеме төмендейді. Сондықтан нақты артық төлем бұдан аз болады. Оның нақты сомасын алдын ала анықтау мүмкін емес, өйткені ол қарыз алушының депозитке қажет соманы қаншалықты жылдам жинайтынына байланысты.
Қай ипотека тиімді?
Бастапқы жарнаға тұрғын үй құнының 50 пайызы бар болса, ең тиімді нұсқа – «50/50». Бұл бағдарламада мөлшерлеме төмен және артық төлем де аз.
Ал 15–20 пайыздық бастапқы жарнасы бар, бірақ тұрғын үй құнының жартысын жинай алмайтын әйелдерге «Ұмай» ипотекасы қолайлы болуы мүмкін.
Коммерциялық ипотека ең қымбат нұсқа болып отыр. Оның артықшылығы – тұрғын үйге қойылатын шектеулер аз және бастапқы жарна ретінде 50 пайыз жинаудың қажеті жоқ.
Тағы оқыңыз:
«30/70» ипотекасы: 2026 жылы бағдарлама қалай жұмыс істейді?
5%-бен баспана алуға болады: жеңілдетілген ипотекаға кімдер қатыса алады?
