Ломбардтан алынған қарыздың болуы азаматқа несие немесе ипотека рәсімдеуге автоматты түрде кедергі болмайды. Алайда мұндай қарыз қаржы ұйымының несие беру туралы шешіміне әсер етуі мүмкін. Банк немесе микроқаржы ұйымы өтінімді қараған кезде қарыз алушының қаржы жағдайын, қолданыстағы міндеттемелерін және қарызды өтеу мүмкіндігін бағалайды. Бұл ретте несие тарихы мен борыш жүктемесінің деңгейі маңызды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мерзімі өткен қарыз несиенің мақұлдануына тікелей әсер етеді
Азаматтың ломбард алдында мерзімі өткен берешегі болса, несие немесе ипотека алу мүмкіндігі төмендеуі ықтимал. Ломбард алдындағы міндеттемелер борыш жүктемесін есептеу кезінде басқа несиелер мен микрокредиттер сияқты ескеріледі.
Ломбардтар қарыз туралы ақпаратты несие бюроларына беруге міндетті. Себебі ломбардтағы қарыздар да ақы, мерзім және қайтарым шарттарымен берілетін міндеттемелерге жатады.
Қарыз төленбесе не болады?
Қарыз алушы микрокредитін уақытында өтемесе, ломбард кепілге қойылған мүлікті кемінде 30 күн сақтауға міндетті. Осы уақыт ішінде азамат қарызын өтеп, кепілге қойған затын қайтарып ала алады.
Белгіленген мерзім өткеннен кейін ломбард кепілдегі мүлікті сатуға немесе оны өз меншігіне рәсімдеуге құқылы.
Бұл жағдайда ломбардтағы затты кепілге қою туралы шарт пен микрокредит беру туралы шарт өз қолданысын тоқтатады.
Қарыздың тоқтатылғанын кепілді сату актісі немесе мүлікті ломбардтың меншігіне айналдыру туралы шешім, қарыздың өтелгенін растайтын анықтама сияқты құжаттар дәлелдейді.
Несие беру туралы шешімді кім қабылдайды?
Банк немесе микроқаржы ұйымы несие беру туралы шешімді заң талаптарын, өзінің ішкі несие саясатын, қарыз алушының төлем қабілетін және қабылданатын тәуекел деңгейін ескере отырып, дербес қабылдайды.
Сондықтан ломбардта қарыздың болуы кредит немесе ипотека алуға бірден тыйым салмайды. Алайда оның уақытында өтелуі және несие тарихының жағдайы маңызды рөл атқарады.
