Бүгін Қазақстанда алғаш рет Қазақ тазысы мен төбеті күні аталып өтіп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров тарихи мұраны халықаралық деңгейде таныту бағытында кейінгі жылдары атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Қазақ тазысы халықаралық деңгейде мойындала бастады
Айбек Смадияровтың айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы тазы тұқымын сақтау, көбейту және оны әлемге танытуға ерекше мән береді.
Президент тапсырмасымен кейінгі жылдары бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылды. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы заң қолданысқа енді. Еліміз Халықаралық кинология федерациясының мүшелігіне қабылданды. 2024 жылы қазақ тазысы халықаралық деңгейде алдын ала мойындалды. Қазақстан осы тұқымның шыққан жері ретінде ресми түрде бекіді, – деп жазды ол.
Бүгінде қазақ тазылары халықаралық ірі көрмелерде жүлделі орындарға ие болып жүр. Асыл тұқымды иттерді көбейту жұмыстары да қарқын алып, тазы асыраушылардың қатары артып келеді.
Сонымен қатар Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы аяқталуға жақын.
«Құмай тазы – жеті қазынамыздың бірі»
Смадияров құмай тазының қазақ халқының мәдениеті мен дәстүріндегі орны ерекше екенін атап өтті.
Құмай тазы – жеті қазынамыздың бірі, бойында адалдық, ептілік пен тектілік қасиеттері ұштасқан төл мәдениетіміздің асыл мұрасы. Ғасырлар бойы Ұлы дала төсінде көшпенділер тұрмысымен біте қайнасқан тазы мен төбет бізді тарихымызбен және туған жер мен өскен ортасын қадір тұтқан ата-баба дәстүрімен байланыстырады, – деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақ тазысы мен төбеті күнін атап өту ұлттық мұраны дәріптеуге және оны халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.
