Жамбыл облысында қоқыс жәшігінен жаңа туған сәби табылған оқиғаға қатысты әйел анықталып, полицияға жеткізілді. Ол өз кінәсін мойындаған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жаңа туған сәби Қордай ауданындағы Гвардия гарнизоны аумағындағы қоқыс жәшігінен табылған.
Қазір нәресте медициналық мекемеде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Полиция қылмыстық іс қозғады
Полиция жаңа туған нәрестені тастап кету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады. ҚР қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды, – деп хабарлады ведомство.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
