Басты бет / Жаңалықтар /
egov электрон үкімет
Фото: Baribar.kz

eGov-та жаңа сервис: Ауруханаға шұғыл түскен азаматтың туыстарына хабарлама жіберіледі

Қазақстанда азамат ауруханаға шұғыл түскен жағдайда оның жақындарына автоматты түрде хабарлауға мүмкіндік беретін жаңа сервис іске қосылды. Қызмет eGov.kz порталында және eGov Mobile қосымшасында қолжетімді. Жаңа мүмкіндік жол-көлік оқиғасы, денсаулықтың кенеттен нашарлауы немесе басқа да төтенше жағдай кезінде оның емдеуге жатқызылғаны туралы өзі алдын ала таңдаған жақын адамдары хабардар бола алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Үш адамға дейін көрсетуге болады

eGov-та «Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу» атты жаңа қызмет пайда болды.

Оның көмегімен азамат шұғыл түрде емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлама алатын үш сенім білдірілген адамға дейін тіркей алады.

Сенім білдірілген байланыс ретінде көрсетілетін адам:

  • 18 жастан асқан болуы;
  • Мобайл азаматтар базасында тіркелуге тиіс.

Қызметті қалай тіркеуге болады?

eGov порталында алдымен авторизациядан өтіп, аталған қызметті таңдау қажет. Одан кейін сенім білдірілген адамның ЖСН-ын енгізу керек.

Пайдаланушы дербес деректерді өңдеуге және денсаулық жағдайы туралы ақпаратты беруге келісімін растап, өтінім жібереді.

Көрсетілген адамға тіркеуді растау немесе одан бас тарту туралы SMS-хабарлама келеді.

  • тіркеуді растау үшін 911 кодын;
  • бас тарту үшін 912 кодын SMS арқылы жіберу қажет.

Шешім қабылдауға бес сағатқа дейін уақыт беріледі.

Сенім білдірілген адам тіркеуді растаса, пайдаланушы сұрауға қол қояды. Осыдан кейін оның деректері Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне жіберіледі.

eGov Mobile арқылы да тіркеуге болады

Мобайл қосымшада сервис «Мемлекеттік қызметтер» → «Денсаулық сақтау» бөлімінде орналасқан.

Пайдаланушы сенім білдірілген байланыстарды тіркеу қызметін таңдап, қажет рәсімдерден өтеді. Өтінішті Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінде өңдеу 10 минутқа дейін уақыт алады.

Қызметтің өзекті мәртебесін eGov порталындағы «Менің бейінім – Жеке кабинет» бөлімінен көруге болады. Ал eGov Mobile-да ақпарат «Хабарламалар – Жеке кабинет тарихы» бөлімінде көрсетіледі.

Жаңа сервис Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен жұмысы аясында іске қосылды.

Ведомствоның мәліметінше, бұл мүмкіндік пациенттің жағдайы туралы ақпаратты жақындарына жедел жеткізіп, олардың медициналық ұйыммен немесе науқастың өзімен дер кезінде байланысуына жағдай жасауға бағытталған.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram