Басты бет / Жаңалықтар /
арба бала
Фото: Жасанды интеллект

Астанада автобус есігіне қысылған арба аударылып, бала жерге құлады

Елордада №54 бағыттағы автобуста бала отырған арба көлік есігіне қысылып қалған. Жолаушының айтуынша, жүргізуші есікті ашпай, автобусты жүргізіп кеткен. Соның салдарынан арба аударылып, бала жерге құлаған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Оқиға 2 қыркүйекте «Рэдисон» аялдамасында болған. Бұл туралы елордалық тұрғын Threads әлеуметтік желісінде жазған.

Әйелдің айтуынша, ол баласын арбаға отырғызып, автобусқа мінбек болған. Сол кезде салондағы жолаушылар арбаны көтеріп, көлікке кіргізуге көмектескен.

Алайда арба автобусқа кіріп жатқан кезде жүргізуші есікті жаба бастаған. Жолаушы есікті тоқтатуды сұрағанымен, есік жабылып, арбаның алдыңғы дөңгелегі қысылып қалған.

Осыдан кейін автобус қозғалып кеткен. Біраз уақыттан соң дөңгелек есіктен босап, арба баламен бірге аударылып, жерге құлаған.

Жолаушының айтуынша, бала жарақат алмаған, алайда қатты қорыққан. Әйел оқиғадан кейін жүргізуші автобусты тоқтатпағанын мәлімдеді.

Осы жағдайға байланысты жолаушы 109 қызметіне және City Transportation Systems (CTS) компаниясына өтініш берген. Ол жүргізуші мен тасымалдаушыны анықтауды, автобустағы бейнебақылау жазбаларын тексеруді және оқиғаға куә болған адамдарды табуды сұраған.

CTS өкілдері қазіргі уақытта автобустағы бейнебақылау жазбаларын тексеріп жатқанын хабарлады.

Компанияның мәліметінше, №54 автобус бағытына №7 автобус паркі қызмет көрсетеді.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook