Қазақстанда 2026 жылғы сәуір-маусым айларында орташа жалақы 486 388 теңге болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4% жоғары. Алайда инфляцияны есептегендегі нақты жалақы 1,8% төмендеген. 2026 жылдың екінші тоқсанындағы медианалық жалақы 348 415 теңге болды.
Жалақы ең көп қай өңірлерде өсті?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақы 5,4% артты. Нақты өсім 3% болды.
2025 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда жалақының ең жоғары өсімі мына өңірлерде тіркелді:
- Ақмола облысы – 10,7%;
- Абай облысы – 10,6%;
- Алматы қаласы – 10,2%;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 9,5%;
- Павлодар облысы және Шымкент – 9,4%.
Қай салаларда жалақы көбірек артты?
Салалар бойынша ең жоғары өсім ауыл, орман және балық шаруашылығында тіркелді – 17,5%. Құрылыс саласында жалақы 16,9%-ға, қаржы және сақтандыру қызметінде 16%-ға өскен. Өнеркәсіп саласында орташа жалақы 11,4%-ға артты. Оның ішінде:
- сумен жабдықтау, кәріз жүйесі және қоқыс жинау саласында – 14,7%;
- электр энергиясы, газ, бу және ыстық сумен қамтамасыз ету саласында – 13,6%.
Ал ең төмен өсім білім беру (3,2%), өнер, ойын-сауық және демалыс (3,4%), сондай-ақ ақпарат және байланыс (3,8%) салаларында байқалды.
Ең жоғары жалақы қай салада?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ең жоғары атаулы жалақы қаржы және сақтандыру қызметі саласында тіркелген. Бұл саладағы жалақы республикалық орташа көрсеткіштен 2,3 есе жоғары.
Одан кейінгі орындарда:
- тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді игеру – орташа жалақыдан екі есе жоғары;
- ақпарат және байланыс саласы – 1,7 есе жоғары.
