Қазақстанда меншік нысанына қарамастан барлық медициналық ұйым үшін міндетті ішкі инфекциялық аудит енгізіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі ауруханалардағы бақылауды күшейтіп, пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұйрық жобасын әзірледі.
Ведомствоның бұл шешіміне ауруханаішілік инфекцияларға қатысты алаңдатарлық статистика себеп болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде әрбір оныншы пациент медициналық көмек алу кезінде инфекция жұқтырады. Қазақстанда да көрсеткіш өсіп отыр. 2025 жылы ауруханаішілік инфекцияларды тіркеу деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 1,41 есе артқан. Іріңді-септикалық асқынулар көбіне босандыру ұйымдарында тіркеледі.
Ауруханаларда не тексеріледі?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ішкі инфекциялық аудит медициналық ұйымдардағы инфекциялық бақылау жүйесінің міндетті бөлігіне айналады.
Оның басты міндеті – салдармен күресу емес, қауіптің алдын алу: заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтау, олардың туындау себептерін жою және инфекцияның қайталануына жол бермеу, – делінген хабарламада.
Аудит барысында медицина қызметкерлерінің қол гигиенасын сақтауына, құралдарды зарарсыздандыру сапасына, жеке қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалануына, хирургиялық процедуралардың қауіпсіздігіне және медициналық қалдықтарды жою тәртібіне жүйелі бақылау жүргізіледі.
Дәріге төзімді инфекцияларға да бақылау күшейеді
Жаңа жүйеде дәрі-дәрмекке төзімді микроорганизмдермен күреске ерекше назар аударылады. Егер комиссия тексеру барысында заңбұзушылықтарды анықтаса, медициналық ұйымға оларды жою бойынша нақты мерзімдер мен жауапты тұлғалар көрсетілген түзету шараларының жоспары әзірленеді.
Министрлік жаңа талаптар ауруханаішілік инфекция жұқтыру қаупін азайтып, пациенттердің ауруханада жату мерзімін қысқартуға және азаматтардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді деп отыр.
