Алматыда туризм және бизнес саласының өкілдерін біріктірген «Пусан күні» өтті. Іс-шараға 100-ге жуық адам қатысып, Пусанның туристік әлеуеті, мәдениеті және кореялық компаниялардың өнімдері таныстырылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, кездесуде туризм, косметика және кәдесый өнімдері саласында жұмыс істейтін Оңтүстік Корея компаниялары өз жобаларын таныстырды.
Алматы – Пусан арасында тікелей рейс бар
«Пусан күнін» өткізу екі қала арасындағы туристік және іскерлік байланысты одан әрі дамытуға мүмкіндік берді.
2026 жылғы 1 мамырдан бастап Eastar Jet әуе компаниясы Алматы – Пусан бағыты бойынша аптасына екі рет тікелей рейс орындайды. Ұшу уақыты шамамен алты сағат. Тікелей әуе қатынасының ашылуы екі қала арасындағы сапарды жеңілдетіп, туристік алмасуды арттыруға ықпал етпек.
Алматыға кореялық туристер көптеп келе бастады
Алматыға Оңтүстік Кореядан келетін туристер саны да өсіп келеді. 2025 жылы қалаға Корея Республикасынан 23,2 мың турист келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 15,3% көп.
Оңтүстік Корея нарығы Алматы үшін Азиядағы перспективалы туристік бағыттардың бірі саналады. Маусым айында Алматы қаласының Туризм басқармасы өкілдері Seoul International Travel Fair (SITF) халықаралық көрмесіне қатысты. Ал қарашада қала туристік мүмкіндіктерін Сеулде өтетін KOREA MICE EXPO көрмесінде таныстырады.
«Пусан күні» екі қаланың туристік және іскерлік әлеуетін таныстырып, жаңа серіктестік орнатуға мүмкіндік берді. Тікелей әуе қатынасының іске қосылуы мен бірлескен туристік жобалардың көбеюі алдағы уақытта туристер ағынын арттыруға ықпал етуі мүмкін.
