Су ресурстары және ирригация министрлігі Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын үш кезең бойынша реконструкциялауды жоспарлап отыр. Жоба Алматы облысындағы суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға бағытталған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қазір ұзындығы 15,6 шақырым болатын учаскені реконструкциялау жобасы әзірленді.
Каналдың бір бөлігі бетонмен қапталды
Министрлік мәліметінше, биыл жыл басында Үлкен Алматы каналының жалпы ұзындығы 1,53 шақырым болатын учаскелеріндегі реконструкция жұмыстары аяқталған. Нысанды монолитті темірбетонмен қаптау жұмыстары жүргізілді.
Бұл каналдың техникалық жағдайын жақсартуға, су ысырабының көлемін азайтуға және облыстағы 33,3 мың гектар суармалы жерді сапалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, – деді су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев.
Сонымен қатар жалпы ұзындығы 110 шақырым болатын учаскелерді реконструкциялауға қажет құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл жұмыстар каналдың негізгі бөлігін бетонмен қаптап, жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Үшінші кезеңде бас су торабы жаңартылады
Реконструкцияның үшінші кезеңінде Үлкен Алматы каналының бас су торабын жаңарту жоспарланған. Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының жалпы ұзындығы – 168 шақырым. Нысан секундына 87 текше метрге дейін су өткізе алады.
Каналды толық реконструкциялау оның су өткізу қуатын жобалық көрсеткіштерге жеткізіп, Алматы облысындағы суармалы жерлерге су беруді жақсартуға мүмкіндік береді.
