Әлжелілерде екінші деңгейлі банктердің мобайл қосымшалары арқылы «некені тіркеу мерзімін ұзарту қажет» деген мазмұндағы хабарламалар таралып жатыр. ҚР Әділет министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін және алаяқтық сипатта екенін ескертті.
Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
Министрліктің түсіндіруінше, Қазақстанның неке-отбасы заңнамасына сәйкес, неке бір рет тіркеледі және оның қолданылу мерзіміне шектеу қойылмайды. Сондықтан азаматтарға некені белгілі бір мерзім сайын ұзартудың қажеті жоқ.
Неке ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе екеуінің өтініші бойынша некені бұзу арқылы, заңнамада көзделген басқа да жағдайларда тоқтатылуы мүмкін.
Некені бұзу тіркеуші орган арқылы немесе сот тәртібімен жүзеге асырылады. Неке тіркеуші орган арқылы бұзылса, ол мемлекеттік тіркелген күннен бастап тоқтатылады. Ал сот арқылы бұзылған жағдайда неке сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылған болып есептеледі.
Осыған байланысты Әділет министрлігі азаматтарды күмәнді хабарламаларға мұқият болуға шақырды.
Министрлік мұндай хабарламалардағы сілтемелерге өтпеуге, дербес деректерді бөгде адамдарға бермеуге кеңес берді.
Азаматтарға неке және басқа да мемлекеттік қызметтерге қатысты ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру ұсынылады.
