2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жеке тұлғаларға жылжымайтын мүлік пен жер салығының сомасы көрсетілген Push-хабарламалар жіберіледі. Хабарламалар екінші деңгейлі банктердің мобайл қосымшалары арқылы жіберіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Хабарлама не туралы?
Хабарлама ақпараттық сипатта болады. Яғни онда меншік иесіне есептелген салық сомасы көрсетіледі. Бұл азаматтарға төлем міндеттемесін алдын ала біліп, деректерді тексеруге мүмкіндік береді. Мүлік салығын 1 қазаннан кешіктірмей төлеу қажет.
Мысалы, Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, хабарламалар бірден барлығына емес, бірнеше кезеңмен жіберіледі. Бұл салық органдарына азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, анықталған қателерді уақытында түзетуге мүмкіндік береді.
Мүлік салығы туралы хабарлама қашан келеді?
Хабарламалар үш кезең бойынша таратылады:
- 1 қыркүйекте – ел бойынша 1 миллионға дейін салық төлеушіге;
- 4 қыркүйекте – екінші топқа (2 миллионға дейін салық төлеушілерге);
- 7 қыркүйекте – жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерінің қалған иелеріне жіберіледі.
Сондықтан хабарлама қыркүйектің алғашқы күндерінде бірден келмесе, алаңдаудың қажеті жоқ. Азаматқа хабарлама келесі кезеңдердің бірінде жіберілуі мүмкін.
Хабарламадағы салық сомасын қалай тексеруге болады?
Push-хабарлама келген кезде меншік иесі ондағы мүлік нысанын, меншік иесінің деректерін және есептелген салық сомасын мұқият тексеруі керек.
Есептелген салық сомасына қатысты мынадай жағдайларда сұрақ туындауы ықтимал. Мысалы, тиісті жеңілдік қолданылмаған, салық басқа меншік иесіне есептелген, нысан бұзылған немесе апатты деп танылған, мүлікке иелік ету мерзімі қате көрсетілген болуы мүмкін.
Салық сомасы қате болса не істеу керек?
Хабарламадағы сома дұрыс емес деп есептелсе, оны бірден «сақтық үшін» төлей салудың қажеті жоқ.
Мүлік иесі нысан орналасқан жердегі мемлекеттік кірістер органына растайтын құжаттарымен жүгінуі қажет. Түзетілген сома салық төлеушінің жеке шотында көрсетілгеннен кейін ғана өтініш бойынша жұмыс аяқталады.
Ал хабарламадағы мәліметтер дұрыс болса, салықты бірден төлеуге болады. Ол үшін банк қосымшасын, eGov.kz немесе e-Salyq Azamat сервистерін пайдалануға мүмкіндік бар.
Жаңа Push-хабарлама жүйесі мүлік иелерінің салық міндеттемелері туралы алдын ала хабардар болуына мүмкіндік береді. Бұл салықты белгіленген мерзімде төлеуге және берешек пен өсімпұлдың пайда болуына жол бермеуге бағытталған.
