Қызылорда облысының Арал қаласында учаскелік полиция инспекторы өз үйінде қаза болды. Оның денесі тұрғын үй ауласындағы гараждан табылған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Полиция мәліметінше, 1988 жылғы туған ер адамның денесінен жарақат іздері анықталған. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал кезінде учаскелік инспектор ауыр жарақат алып, оқиға орнында қаза болған.
Оқиға болған кезде полиция қызметкері еңбек демалысында болған.
Күдікті бұрын да жауапқа тартылған
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция күдіктінің жеке басы анықталғанын және оны ұстау шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, күдікті бұған дейін марқұм учаскелік инспектор тарапынан отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтары үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар оған қатысты қорғау нұсқамалары шығарылған.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
