Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) 2027 жылғы қажылық маусымын ұйымдастыратын туроператорларды іріктеу қорытындысын жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Іріктеудің негізгі мақсаты – Қазақстан азаматтары қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, Сауд Арабиясында олардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз ету, сонымен қатар қажылыққа қатысты саудиялық талаптардың сақталуына кепілдік беру.
Төрт туроператор іріктеуден өтті
Туроператорларды арнайы құрылған комиссия бағалаған. Үміткерлердің қажылық және ұмра сапарларын ұйымдастырудағы тәжірибесі, жыл бойғы қызмет көрсеткіштері, ресми түрде алған туркодтары мен лицензиялары тексерілген.
Сонымен қатар компаниялардың ұйымдастырушылық мүмкіндіктері және белгіленген талаптарға сәйкестігі сараланған. Сауд Арабиясы тарапынан қойылатын талаптар да ескерілген.
Комиссия мүшелері туроператорларды баллдық жүйе бойынша бағалап, кешенді және салыстырмалы талдау нәтижесінде 2027 жылғы қажылық маусымын ұйымдастыруға төрт компанияны лайықты деп таныды:
- «Атлас Туризм»;
- «Нұрхан Тревел»;
- «Тауаф Тревел»;
- «Хикмет Тревел».
ҚМДБ мәліметінше, ашық конкурстан өтпеген басқа туроператорлар да қажылық сапарларын ұйымдастыра алады. Ол үшін аталған төрт компанияның бірімен субагенттік негізде жұмыс істеуі қажет.
