Қыркүйек айынан бастап Қазақстанда бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. Мектептерде бағалау жүйесі жаңарып, жаңа пәндер енгізіледі. Зейнетақы жинағын толықтай сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар декларация тапсыру мерзімі аяқталады, тұрғын үй бөлу тәртібі өзгереді. Baribar.kz қыркүйекте күшіне енетін негізгі өзгерістерді жинақтады.
Мектептерде бағалау жүйесі өзгереді
Жаңа оқу жылынан бастап 2-4 класс оқушыларының білімін бағалау тәртібі өзгереді. БЖБ мен ТЖБ орнына аралық бағалау енгізіледі.
Формативтік бағалау кезінде оқушының бір ғана тапсырмасы емес, сабақтың басынан соңына дейінгі оқу әрекеті ескеріледі. Бір тоқсанда пән бойынша 30 сабақ өткізілсе, оқушы кемінде тоғыз сабақта формативтік балл алуы керек.
Аралық бағалау белгілі бір бөлім немесе бірнеше бөлім аяқталғаннан кейін жүргізіледі. Оқушылардың білімі диктант, бақылау жұмысы, шығарма және мазмұндама арқылы бағаланады.
Аралық бағалаудың ең жоғары көрсеткіші:
- 2-класта – 12 балл;
- 3-класта – 14 балл;
- 4-класта – 16 балл.
Сонымен қатар мектеп бағдарламасына жаңа пәндер мен міндетті курстар енгізіледі. 5-7 кластарда «Конституция негіздері», 8-11 кластарда «Заң мен тәртіп», ал 5-11 кластарда «Жеке қауіпсіздік» міндетті курстары оқытылады.
Мұғалімге гүл сыйлауға болмайды
Оқу-ағарту министрлігі мектепте мұғалімдерге гүл мен сыйлық беруге жол берілмейтінін мәлімдеді.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, оқу ордасының қабырғасында мұғалімдерге сыйлық берудің қажеті жоқ. Бұл талап ата-аналарға 1 қыркүйек қарсаңында ескертілді.
Мектептерде профилактикалық медициналық тексеру тәртібі де жаңартылады. Балаларды тексеру кезінде цифрлық электрокардиограф, пульсоксиметр, отоскоп және басқа заманауи диагностикалық құралдар қолданылмақ.
Зейнетақы жинағын толықтай сенімгерлік басқаруға беруге болады
7 қыркүйектен бастап Қазақстан азаматтары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарының 100%-ын инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға бере алады.
Бұған дейін жинақтың тек 50%-ын аударуға мүмкіндік болған. Ол үшін БЖЗҚ-ға өтініш беру қажет. Егер азамат өтініш бермесе, зейнетақы жинағы бұрынғы тәртіппен қорда қала береді және оны ұлттық банк басқарады.
Декларация тапсыру мерзімі аяқталады
2026 жыл бойынша кірістер мен мүлік туралы 270.00 нысанындағы декларацияны 15 қыркүйекке дейін тапсыру қажет.
Декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке практикамен айналысатындар, цифрлық актив иелері және өз бетінше салық төлеуге міндетті табыс алған азаматтар тапсырады.
Бір жыл ішінде жалпы құны 20 мың АЕК-тен, яғни шамамен 86,5 млн теңгеден асатын ірі сатып алулар да декларацияда көрсетілуі керек. Егер декларация нәтижесінде жеке табыс салығын төлеу міндеті туындаса, салықты 25 қыркүйекке дейін төлеу қажет.
Тұрғын үй бөлу тәртібі өзгереді
Қыркүйектен бастап мемлекеттік және жалға берілетін тұрғын үйді, сонымен қатар жеңілдетілген ипотекалық қарыздарды бөлуге қатысты жаңа талаптар енгізіледі.
Қолжетімді тұрғын үйдің кемінде 70%-ы жеңілдік санатына жататын азаматтарға беріледі. Оның ішінде кемінде 20%-ы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, кемінде 50%-ы әлеуметтік осал топтарға қарастырылады.
Алайда жеңілдік санатына жату жеткіліксіз. Азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұруы керек. Бұдан бөлек, отбасының табысы, құрамы және кезектілігі ескеріледі.
Ауылдық елді мекендерде кезекте тұрған азаматтарға қолжетімді мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйді өз ауданынан өз бетінше таңдау мүмкіндігі беріледі. Өтінім қабылдаудың алғашқы кезеңі 1-7 қыркүйек аралығында «Отбасы банк» платформасында өтеді.
Паспорт рәсімдеу мерзімі қысқарады
1 қыркүйектен бастап шетелде жүрген Қазақстан азаматтары үшін кейбір консулдықтарда паспорт рәсімдеу мерзімі үш айдан 40 күнге дейін қысқарады.
Дипломатиялық өкілдіктің цифрлық жүйеге қосылғанына қарай құжатты рәсімдеу мерзімі 40 жұмыс күнінен 90 күнтізбелік күнге дейін болуы мүмкін.
