Қазақстанда жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді рәсімдеу жеңілдетілді. Енді болашақ аналар қажет өтінішті kaspi.kz мобайл қосымшасы арқылы онлайн бере алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жаңа мүмкіндік Қазақстандағы әлеуметтік қызметтерді цифрландыру және мемлекеттік көмекті азаматтарға барынша қолжетімді ету жұмыстарының аясында іске қосылды.
Бұған дейін жүктілік пен босануға байланысты төлемді рәсімдеу үшін әйелдерге Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, қажет құжаттарды жинап, өтініш тапсыру қажет болатын. Қазір бұл қызметті қашықтан алуға болады. Бұған қоса, өтінішті eGov.kz порталы арқылы электрон түрде беру мүмкіндігі де сақталған.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықбаевтың айтуынша, мемлекеттік қызметтерді барынша жеңілдету – министрліктің негізгі бағыттарының бірі.
«Мемлекет көмекті азаматтарға барынша ыңғайлы әрі қолжетімді ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Басты мақсатымыз – қағазбастылықты азайтып, адамдардың мемлекеттік органдарға бару қажеттілігін барынша қысқарту. Әсіресе жүкті әйелдер мен жас аналар үшін бұл өте маңызды. Күнделікті миллиондаған қазақстандық пайдаланатын мобильді қосымша арқылы қажетті қызметті алу – цифрландырудың нақты нәтижесі. Енді әлеуметтік қолдауды алу бұрынғыдан да оңай әрі жылдам бола түсті», – деді вице-министр.
Жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді онлайн рәсімдеу мүмкіндігі қазірдің өзінде іске қосылған. Жұмыс істейтін және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын әйелдер Kaspi.kz қосымшасындағы «Гид» бөлімінен төлемге өтініш беру тәртібімен таныса алады.
Бұл – қызмет азаматтардың өтінішін күтпей, әлеуметтік төлемдерді алдын ала тағайындауға мүмкіндік беретін проактивті қызметтерді дамыту бағытындағы қадамдардың бірі.
Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет алу кезінде азаматтардың уақытын үнемдеу, қағазбастылықты азайту және әлеуметтік қолдауды қажет ететін адамдарға қажет көмекті ыңғайлы әрі уақтылы жеткізу.
