Алматыда 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап автокөліктердің экологиялық нормативтерге сәйкестігін анықтауға арналған техникалық тексеру енгізіледі. Жаңа талаптың қалай жүзеге асатынын Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифиңте LEZ жобасының үйлестірушісі Дулат Маратов түсіндірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жаңа тәртіп
Жаңа тәртіп бензинмен, газбен және дизель отынымен жүретін көліктерге қатысты болады. Экологиялық техникалық тексеруден өту автокөлікті кезекті жоспарлы техникалық байқаудан өткізудің міндетті шартына айналады.
Алайда техникалық байқау мен техникалық тексеру – екі бөлек рәсім.
Дулат Маратовтың түсіндіруінше, міндетті техникалық байқау көліктің жалпы техникалық жағдайын бағалауға арналған. Ал жаңа техникалық тексеру кезінде көліктің қоршаған ортаға шығаратын зиян заттарының деңгейі анықталады.
Бензин және газ отынымен жүретін көліктерде пайдаланылған газдың уыттылығы, ал дизель автокөліктерде түтін шығару деңгейі өлшенеді. Тексеру ҚР СТ 1433-2023 стандартына сәйкес жүргізіледі.
Осылайша, экологиялық техникалық тексеру әдеттегі техникалық байқаудың орнын алмастырмайды және оның құрамына кірмейді. Дегенмен жаңа талап күшіне енгеннен кейін экологиялық тексеруден өтпеген көлік кезекті жоспарлы техникалық байқаудан өте алмайды.
Көлікті алдын ала тексеруден өткізу керек пе?
Автокөлік иелеріне 1 қыркүйекке дейін техникалық тексеруден алдын ала өтудің қажеті жоқ.
Жаңа талап кезекті техникалық байқаудан өту мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйектен кейін келетін көліктерге ғана қолданылады.
Автокөлік иесі 1 қыркүйекке дейін жоспарлы техникалық байқаудан өтіп қойған болса, оның қолындағы құжат белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болып қала береді. Сондықтан мұндай жағдайда техникалық байқаудан қайта өтуге немесе экологиялық техникалық тексеруден алдын ала өтудің қажеті жоқ.
Техникалық тексеруден қай жерде өтуге болады?
Кәдімгі техникалық байқауды бұрынғыдай кез келген қолданыстағы техникалық байқау орталығында өтуге болады.
Ал шығарындылар деңгейін анықтайтын техникалық тексеру тек сертификатталған жабдығы бар және бірыңғай жүйеге қосылған аккредиттелген станцияларда жүргізіледі.
Автокөлік иелері қаласа, осы екі рәсімді де бір аккредиттелген станцияда қатарынан өткізе алады.
Техникалық тексеру жүргізуге рұқсаты бар станциялардың тізімі almaty-parking.kz сайтында жарияланады.
Жаңа жүйе Алматыдағы автокөліктердің экологиялық жағдайы туралы нақты дерек жинауға мүмкіндік беруге тиіс. Дулат Маратовтың айтуынша, бұл механизм төмен шығарындылар аймағының (LEZ) жұмысының негізгі тетіктерінің біріне айналады.
