Басты бет / Жаңалықтар /
теңге, ақша, жалақы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазақстанда 15 қыркүйекке дейін кімдер декларация тапсыруы керек?

Алдағы екі апта ішінде кей азамат кірісі мен мүлкі туралы декларация тапсырып, салық төлеуге міндетті. Талап 2025 жылы жылжымайтын мүлік сатқан, құны 78,6 миллион теңгеден асатын мүлік сатып алған немесе шетелде мүлкі мен активі болған азаматтарға қатысты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Krisha.kz дерегінше, 2025 жылы жылжымайтын мүлік сатып алып, оны бір жылдан аз уақыт иеленгеннен кейін үстеме бағамен сатқан азаматтар 270.00 нысанын тапсыруы керек. Бұл талап пәтер, жатақханадағы бөлме немесе қойма, жеке үй, саяжай, жер учаскесі, гараж және автотұрақ сынды нысандарға қатысты.

Демек, азамат мүлікті сатып алғаннан кейін 12 ай өтпей тұрып оны қымбатқа сатса, 270.00 нысанын тапсырып, салық төлеуі қажет. Ал 2026 жылдан бастап ереже өзгерді. Биыл сатып алынған жылжымайтын мүлік салық салынатын табысқа жатпауы үшін оны кемінде екі жыл иелену қажет.

78,6 миллион теңгеден қымбат мүлік сатып алғандар

270.00 декларациясын 2025 жылы құны 20 000 АЕК-тен (78,6 миллион) теңгеден асатын мүлік сатып алған азаматтар да тапсыруы керек.

Декларацияда сатып алуға жұмсалған қаражаттың қайдан келгенін көрсету қажет. Мысалы:

  • жеке жинақ немесе басқа адамның берген ақшасы;
  • қарыз;
  • басқа мүлікті сатудан түскен табыс;
  • сыйға тарту шарты бойынша алынған қаражат.

Егер мүлік сыйға тартылса, декларацияда сыйға берушінің аты-жөні мен ЖСН-і де көрсетіледі.

Шетелде мүлкі бар азаматтар

2025 жылы шетелде жылжымайтын мүлкі, шетел банктеріндегі есепшотында ақшасы немесе басқа да активі болған азаматтар да 270.00 нысанын тапсыруға міндетті.

Декларацияны қалай тапсыруға болады?

270.00 нысанын 15 қыркүйекке дейін (қоса алғанда) тапсыру қажет. Ал салық төлеу міндеттемесі болса, оны 25 қыркүйекке дейін орындау керек.

Декларацияны тұрғылықты жердегі салық органына барып немесе онлайн тапсыруға болады. Ол үшін:

  • «Салық төлеушінің кабинетін»;
  • eGov порталын және eGov mobile қолданбасынан;
  • e-Salyq Azamat қосымшасын;
  • кей екінші деңгейлі банктің мобайл қолданбасын қолдануға болады.

Егер азаматтың шетелде активі болмаса, 2025 жылы жылжымайтын мүлік сатпаса немесе 78,6 миллион теңгеден қымбат мүлік сатып алмаса, оған 270.00 нысанын тапсырудың қажеті жоқ.

Сонымен қатар бұл негіздер болмаған жағдайда зейнеткерлер, студенттер, үй шаруасындағы әйелдер, жеке компания қызметкерлері және жеке кәсіпкерлер де декларация тапсырудан босатылады.

***

Тағы оқыңыз: 

Мобайл аударымдарға бақылау: 2026 жылы салық назарына кімдер ілігуі мүмкін?

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram