Orda.kz ақпарат порталы 1 қыркүйектен бастап жұмысын толық тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Басылымның жабылатынын оның құрылтайшысы әрі «Ordamedia.kz» ЖШС-нің алғашқы басшысы Мақсат Ғаниев растады.
Ол бұл шешімді Orda.kz-ке алты жыл бойы салған инвестициясының нәтижесін саралағаннан кейін қабылдағанын айтты.
Мен Orda.kz-ті жабу туралы шешім қабылдадым. Себебі түсінікті деп ойлаймын. Orda.kz-ке алты жыл бойы салған инвестицияларымның нәтижесін есептеп, үлкен шығыннан қандай да бір пайдаға шығу мүмкіндігім жоқ екенін түсіндім. Мен Orda.kz-ті бизнес-жоба ретінде қарастырдым, – деп жазды Мақсат Ғаниев.
Мақсат Ғаниев медианы саясатқа, жалған ақпарат таратуға немесе бопсалауға пайдаланғысы келмейтінін атап өтті.
Құрылтайшы редакция қызметкерлеріне алғыс айтып, олардың еңбегін бағалайтынын жеткізді. Сонымен қатар барлық қызметкермен толық есеп айырысатынын және редакцияның өз міндеттемелерін орындауға ниетті екенін жеткізді.
Редакция не деді?
Orda.kz бас редакторы Анна Платонова да порталдың жабылатынын растады.
Оның айтуынша, редакция 1 қыркүйектен бастап толық жұмысын тоқтатады. Бұл шешім негізгі сайтпен қатар, редакцияға тиесілі әлеужелідегі барлық аккаунтқа, соның ішінде YouTube арнасына да қатысты болады.
Құрметті оқырман! Orda.kz редакциясы 1 қыркүйектен бастап жұмысын толық тоқтататынын хабарлайды, – делінген редакция хабарламасында.
Естеріңізге салайық, 18 тамызда Orda басылымының экс-бас редакторы Гүлнәр Бажкенге қатысты сот шешімі шықты. Сот оны 8 жылға бас бостандығынан айырып, 5 жыл мерзімге БАҚ, журналистика, блогиң, бұқаралық іс-шаралар және басқа да қоғамдық қызмет саласында жұмыс істеуге тыйым салды.
