Маңғыстау облысының полициясы Ақтауда қайықтың жартасқа соғылуына байланысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Апат салдарынан екі адам қаза тауып, тағы бес жолаушы зардап шеккен. Қазір олардың төртеуі ауруханада жатыр, үшеуі жансақтау бөлімінде. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Іс қылмыстық кодекстің 344-бабының 1-бөлігі бойынша қозғалды. Бұл бап теміржол, әуе, теңіз немесе өзен көлігінің қозғалысы мен қауіпсіздік ережесінің бұзылуына қатысты.
Зардап шеккендердің жағдайы
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының мәліметінше, қайық апатынан зардап шеккен бес адамның барлығы – ер адам.
Олардың төртеуі денесінің бірнеше бөлігінен түрлі жарақат алған. 1988, 2002 және 1964 жылы туған үш азамат жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Науқастар тұрақты медициналық бақылауда.
1985 жылы туған ер адамның жағдайы тұрақты. Ол травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Ал 1996 жылғы азаматқа қажет медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық ем алуға жіберілді.
Қайық апаты қалай болды?
Оқиға 30 тамыз күні кешке Ақтаудағы 5А шағынауданы маңында болған. Жеті адам отырған катер жартасқа соғылған.
Құтқарушылар бес жолаушыны судан шығарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Ал екі адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Олардың денесі құтқару барысында судан шығарылды.
Құтқаруға төтенше жағдайлар департаментінің 35 қызметкері, төрт техника және төрт жүзу құралы жұмылдырылды. Оқиға орнында полицияның 10 қызметкері, Апаттар медицинасы орталығы және жедел жәрдемнің бес бригадасы жұмыс істеді.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайықтағы екі жолаушы құтқару кеудешесін кимеген.
