Басты бет / Білім /
мектеп оқушы алғашқы қоңырау
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Министрлік 2-4 класс оқушыларын бағалау жүйесі қалай өзгеретінін түсіндірді

Оқу-ағарту министрлігі бастауыш кластардағы бағалау жүйесіне қатысты өзгерісті түсіндірді. Енді 2-4 класс оқушыларын бағалау жүйесі өзгереді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Министрліктің мәліметінше, критериал бағалау жүйесі сақталады. Өзгеріс оқушы білімін бағалаудың формасына, әдісіне, тәсілі мен ұйымдасуына енеді.

Павлодар қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы инновациялық үлгідегі мектептің педагог-шебері Жанар Жақсылықованың айтуынша, қалыптастырушы бағалаудың рөлі күшейеді.

Демек, оқушының әрбір тапсырмасы бағалануы керек. Мұғалім қалыптастырушы бағалау арқылы оның тоқсан бойындағы ілгерілеуін бақылап, оқыту тәсілін түзете алады, – дейді педагог.

Сонымен қатар аралық бағалаудың формалары мен әдістері көбейеді. Оқушылардың білімін диктант, мазмұндама, бақылау, практикалық, жобалық және зерттеу жұмысы арқылы бағалау қарастырылған.

Бұл тәсіл оқушының алған білімін тәжірибеде қолдану қабілетін, өз бетінше жұмыс істеуін, сыни ойлауын, ақпаратпен жұмыс істеуін және шешім қабылдау машығын дамытуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, көркем еңбек, музыка, бейнелеу өнері, дене шынықтыру, цифрлық сауат және жасанды интеллект пәндері де бағаланады.

Тағы бір өзгеріс мұғалімдердің кәсіби дербестігіне қатысты. Енді педагог қалыптастырушы бағалаудың формалары мен әдістерін өзі анықтап, тапсырмаларды әзірлей алады. Сонымен қатар оларды оқушының қажеттілігіне қарай саралауға мүмкіндік беріледі.

Жаңа жүйеде ата-аналар үшін де баға қоюдан гөрі баланың нақты ілгерілеуін түсіну маңызды болады. Оқушының нені меңгергені және әлі қай бағытта жұмыс істеуі керек екеніне басымдық беріледі.

Бұған дейін оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова БЖБ және ТЖБ жүйесін толық алып тастау мүмкін екенін айтқан еді.

Кейін бұл өзгеріс тек 2-4 кластарға енетіні белгілі болды.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram