1 қыркүйектен бастап Алматы көшелерінде мектеп оқушыларына және қала тұрғындарына арналған қосымша автобустар қатынайды. Қаладағы кептелісті сейілту мақсатында салмағы 8 тоннадан асатын жүк көліктерінің күндіз жүруіне тыйым салынады. Сонымен қатар кейбір мекеме қызметкерлері қашықтан жұмыс істейді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
300 мектеп автобусы
300 мектеп автобусы мен жүргізушілер 60 мектептен жалпы 13 мыңнан астам оқушыны тасымалдайды. 1 қыркүйек таңда мектеп маңында, жүргіншілер өткелдерінде және көлік көп жүретін аумақта 470 полиция қызметкері кезекшілік етеді. Әкімдік тұрғындарға мектеп кіреберісіне дейін жеке көлікпен бармай, кептелісті азайтатын тәсілді таңдау керек екенін ескертеді.
Қалада 500-ге жуық қосымша автобус болады
Қаладағы 3 200 автобусқа тағы 500-ге жуық автобус қосылады. Автобустар жолаушы саны көп бағыт бойынша, жиі кептеліс болатын аймақта қатынайды. Метро пойызы 11-ден 13-ке дейін артады. Таңғы уақытта пойыздар арасындағы интервал 3 минутқа қысқарады.
Жүк көліктеріне шектеу
Қыркүйектің алғашқы аптасында жүк көліктері қозғалысына бақылау күшейеді. Мысалы, салмағы 8 тоннадан асатын көлікпен белгіленген аумақта сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жүруге болмайды.
Кейбір қызметкерлер қашықтан жұмыс істейді
1-5 қыркүйек аралығында әкімдік қызметкерлерінің бір бөлігі қашықтан жұмыс істейді. Әкімдік компаниялар мен ұйымдарға да қашықтан жұмыс істеу немесе жұмыс күнін икемді кесте бойынша бастауды ұсынды.
Жолға шығар алдында бағытыңызды алдын ала жоспарлаңыз. Қарбалас уақытта қоғамдық көлік пен метроны таңдаған жөн.
