Басты бет / Жаңалықтар /
Үкімет
Үкімет ғимараты. Фото: Primeminister.kz

Олжас Бектенов премьер-министр болды. Үкіметтің жаңа жоспары қандай?

Олжас Бектенов Қазақстанның премьер-министрі лауазымына қайта сайланды. Оның кандидатурасын құрылтайдың 137 депутаты қолдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Бектеновтің кандидатурасын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған. Президенттің айтуынша, Олжас Бектенов үкіметті басқарған жылдары жақсы нәтиже көрсеткен.

Бектенов: Экономиканың кемінде 5%-дық өсімін қамтамасыз етеміз

Қайта тағайындалған премьер-министр мемлекет басшысына және құрылтай депутаттарына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, маған жоғары сенім көрсетіп, екінші мәрте премьер-министр лауазымына тағайындағаныңыз үшін зор алғысымды білдіремін. Сонымен қатар бірінші шақырылымдағы құрылтай депутаттарына қолдау көрсеткендері үшін алғысымды білдіремін, – деді Олжас Бектенов.

Ол үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі экономикалық өсімді қамтамасыз ету екенін атап өтті. Бектеновтің айтуынша, жыл қорытындысы бойынша экономиканың кемінде 5%-дық өсіміне қол жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар инфляция деңгейін төмендету, азаматтарды жұмыспен қамту және олардың табысын арттыру көзделген.

Премьер-министр бүкіл ел бойынша маңызды жобалардың құрылысы басталғанын айтып, ауқымды құрылыс бағдарламасы инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды салуға әрі экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталатынын жеткізді.

Бектенов сонымен бірге 2026 жылдың цифрландыру және жасанды интеллект жылы ретінде белгіленуіне байланысты экономиканың барлық саласында цифрлық трансформация жалғасатынын айтты. Заң мен тәртіп қағидаты да үкімет жұмысының басты бағыттарының бірі болады.

Олжас Бектенов туралы не белгілі?

Олжас Бектенов 1980 жылғы 13 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. 2001 жылы қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген.

2019 жылғы 26 маусымнан бастап мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

2022 жылғы 25 ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болып тағайындалды.

2023 жылғы 3 сәуірде президент әкімшілігінің басшысы қызметіне кірісті.

Ал 2024 жылғы 6 ақпанда Қазақстанның премьер-министрі болып тағайындалған. Бүгін ол үкімет басшысы қызметіне екінші мәрте сайланды.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram